Пейіште нұрың шалқысын!
Көбекеңнің қайтыс болғаны жайлы қаралы хабар көптің қабырғасын қайыстырды. Әсіресе, оның қатарлас қаламдастарына ауыр тиді. Елдің ардагері, қаланың құрметтісі, талай талантты қанаттандырған тамаша тәлімгердің соңында өшпес жарқын жақсы із қалды. Жезқазған-Ұлытау аймағындағы баспасөздің дамуына, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде көпшіліктің көзайымына айналған «Ұлытау» газетінің қалыптасуына қаншама тер төкті. Газеттің жолына зер салсақ, бастауы Тасбұлақтай таза, тұнық екеніне көз жете түседі.
Сонау 1972 жылдың желтоқсанының соңында Көбекең екеуіміз «Ұлытау өңірі» газетінің алғашқы санын таң алдында дайындап бітіп, баспаханадағы газет беттеуші Қүпияның қолына тапсырдық. Төрт түрлі бояумен жарық көрген газетті оқырмандар өте жылы қабылдады. Аудан басшысы М.Абақанов: «Ұлытау өңірі» деп Алматыдағы ағаларың қойып еді, сол атауға сай шыққан екен» деп қуанды.
Міне, содан бергі елу жыл бойы Көбекеңмен қатарласып, қаламдас інісі болып бірге жүрдім. Адал, айнымас дос болдық. «Батанбай-ай, мәңгілік кім бар дейсің, бұйрық келгенде «шу» деп тартып кетерміз» деуші еді. Сол бұйрық қарашаның соңында Көбекеңе де жетіпті.
Көбекең дүниеден өтті. «Достан тиер бата» деген, иманың жолдас болсын деп Алладан тілеп, қол жайдық. Алла оның жайын жұмақтан берсін!
Пейіште нұрың шалқысын! Бақыл бол, көңілі көлдей Көбекем!
Батырбек МЫРЗАБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.