Ералы Тоғжанов Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуын тексерді

Бүгін Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша жұмыс сапарымен Қарағанды облысына «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуымен танысу үшін вице-премьер Ералы Тоғжанов келді. Жоба ауылдағы өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2025 жылға дейін еліміздің ауыл тұрғындарының 80%-ын қамту көзделіп отыр.

Облыста «Ауыл – Ел бесігі» 179 ауылда жүзеге асырылуда, жоспар бойынша 140 нысан салынып, жаңғыртылады.

2019–2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және спорттық-сауықтыру инфрақұрылымы салаларында 73 жоба аяқталды. Биыл 60 жобаны іске асыруға 6,4 млрд теңге бөлінді.

Ералы Тоғжанов Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге Нұра және Осакаров аудандарында болып, салынып жатқан нысандармен танысты, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік инфрақұрылым мекемелерінде болды.

Биыл Нұра ауданында төрт ауыл мен екі кенттің жолдары жөнделіп, демалыс саябағын қайта құру жұмыстары жүргізілді.

Премьер-министрдің орынбасары ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта құру бойынша республикадағы үздік отыздықтың қатарына енген Шахтёрский ауылында болды. Мұнда заманауи жүзу бассейні мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған.

Ералы Тоғжанов Нұра кентінде ересектерге де, балаларға да бос уақытын өткізуге мүмкіндік жасалған жаңартылған саябақты аралап көрді. Оны «Ауыл – Ел бесігі» бойынша жөндеді.

Осакаров ауданында жоба бойынша орталық және кентішілік көшелер асфальтталды. Жол инфрақұрылымын жақсарту жалғасуда. Ауданда жеті әлеуметтік маңызды жоба жүзеге асырылуда. Осакаровка кентінің мектебінде 700-ге жуық оқушы қосымша біліммен қамтылған.

Вице-премьер Молодежный кентінде де болды. Мұнда 18 көше ретке келтіріліп, спорт кешені, мектеп және мәдени-демалыс орталығы жөнделе бастады.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Нұра және Осакаров аудандарының тұрғындарымен кездесіп, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жоғары бағалап, ел басшылығына алғысын білдірді.

– Менің жұмыс сапарымның мақсаты «Ауыл – Ел бесігі» жобасының қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатқанын объективті түрде көру болды. Бүгін мен облыста қойылған міндеттердің орындалғанын көрдім, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.