Өркениет өзегі – Ұлық ұлыс
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ.
Ұлттық сананы тарихи сана тірілтіп, түлете алады десек, терең тамырдан желі тартқан қастерлі жады жаңғыратын сәтте салиқалы ұстаныммен шешімін табуға тиісті келелі мәселенің бірі – ұлттық тарихқа шынайы әрі дәйекті көзқарас қалыптастыру жұмысы екені анық.
Шын мәнісінде біз күні кеше ғана тарихы тоналған, жадысы жоғалған пұшайман жұртқа айнала жаздағанбыз. Соңғы үш ғасырдың мұғдарында қазақ халқының тарихи санасы XVIII ғасырдың басындағы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан бастап, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін, ұлт зиялыларының дүркін-дүркін репрессияға ұшырау зұлматында сұрапыл жарақат алды. КСРО халықтарының тарихи санасын ойрандаған тоталитарлық режімнің пәрменді жүргізген қитұрқы саясаты ұлттық жадыны жаңылдыруға жүйелі бағытталғаны белгілі.
Егер қапелімде бір адам қатты соққы алып, есінен айырылып қалса, оны емдеудің өзі ұзаққа созылады, ал тұтас халықтың санасы зақымданса, мұны қалпына келтіруге аз уақыт кетпесі анық. Бұл бағытта соңғы отыз жылда қыруар жұмыстар жүзеге асырылғаны қомақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік тудырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» стратегиялық бағдарламалары қасаң түсініктерге соққы беріп, ұлтты рухани түлетуге негіз қалады. Бұл бағытта соңғы 30 жылда елімізде әртүрлі ауқымды жобалар жүзеге асырылды, халықтың жадын жаңғыртуға екпін берілді.
Бұл бағыттағы соңғы жылдарда атқарылған маңызды бастаманың бірі Жошы ұлысы – Алтын Орда тарихын халықпен қауыштыру, байтақ мұраны зерделеп дәріптеу жұмысы болды деп айтуға толық негіз бар.
Тоталитарлық режім кезінде халқымыздың жадынан көне тарихымыздың осынау қаһармандық кезеңін мүлде өшіріп, ұмыттыру үшін жаза мен цензураның ауыр түрлерін қолданды. 1944 жылы Алтын Орда тарихымен шұғылдануға КОКП ОК қаулысымен тыйым салынып, жазалау науқаны басталды, бір сөзбен айтқанда дүниежүзілік соғыс өршіп тұрған күннің өзінде Жошы, Едіге, Орақ, Мамай, Сыпыра жырау секілді қаһарман тұлғалардың аруағына қарсы майдан қатар жүргізілді. Қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, телеуіт секілді бауырлас елдердің ортақ мұрасы – «Едіге» тарихи эпосы талқандалып, архивтің түнегіне тасталды. Тарихи жырлар шоғырын зерттеген Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Қайым Мұхамедханов сынды көптеген қазақ ғалымдары партия қаулысымен «өрескел саяси қателігі үшін» қуғын-сүргінге ұшырады. Бауырлас халықтардың көрнекті ғалымдары да, жырды айтып жүрген майталман жыршылары да айыпталып, нақақ жазаланды.
Алайда халық аруақты хандары мен айбынды батырларын қатал заңмен тыйым салынғанына қарамастан, әз тұтып құрметтеп келді, «жылымық кезең» басталғанда осы жабық тақырыпқа батылдықпен барған сергек тұлғалар болды. Мәселен, мұзжарғыш кемедей сірескен тоңды талқан еткен Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» тарихи трилогиясы халықтың өз тарихына деген шексіз сүйіспеншілігін дүр сілкіндіріп оятты.
Дегенмен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Алтын Орда тақырыбы бірден түбегейлі зерттеудің арнасына түсіп кете қоймағанын айта кету ләзім. Бұл ретте Отан тарихының ортағасырлық қабатын игеруге үлкен дайындық қажет екені айқын жайт. Әйткенмен, Жошы ұлысы тарихын қазіргі ғылыми жетістіктің деңгейінде игеруге мүмкіндік дер кезінде келді деп ойлаймыз.
Алтын Орданың Қазақ хандығының және қазіргі Қазақстанның тарихи бастауы ретіндегі қызметі алғаш Елбасының «Ұлытау сұхбатында» (2014), сондай-ақ 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараларындағы сөйлеген сөзінде: «Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагері» деп тайға таңба басқандай айтылған еді.
Ал 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы тапсырма берілді. Бұған дейін Мемлекет басшысы «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумда Ұлытауды «қазақ халқының қасиетті алтын бесігі, қазақстандықтар қадірлейтін тарихтың куәгері» деп бағалап, XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында хандық биліктің тізгінін уысында ұстаған Жошы ханның кіндігінен тараған қаһарман әулеттің мемлекеттік дәстүріміздегі жетекші орнын ерекше атап өткен еді. Одан кейін Алтын Орданың мерейтойы әртүрлі деңгейдегі бірқатар игі іс-шара арқылы атап өтілді. Бұл маңызды бастамаға Қазақстан Үкіметі мен Президент Әкімшілігінің қолдауын айрықша атап айтқан жөн.
Бұл бағытта ғылыми құрылымдардың ішінде Түркі академиясы Алтын Орда тақырыбы бойынша бірқатар ғылыми монография жариялады. Академия 2017 жылы «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты халықаралық экспедиция, сондай-ақ 2019 жылы Парижде ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты халықаралық форум, Таразда 1269 жылғы Талас құрылтайының 750 жылдығына арналған халықаралық ауқымды ғылыми іс-шара өткізді. Академия жобалары аясында Рашид-ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарих», «Моңғолдың құпия шежіресі», Шараф-ад-Дин Яздидің «Зафар-наме» сияқты тарихнамалық ескерткіштері аударылып, жарыққа шықты.
Бұл бағыттағы жақсы жаңалықтың бірі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Жошы ұлысын зерттейтін арнайы ғылыми институт ашылғалы отыр. Институттың басты міндеті – орта ғасырлар мен жаңа дәуірдегі Қазақстанның саяси, этномәдени, әлеуметтік және әскери тарихының негізгі мәселелерін кешенді зерделеу. Бұл бағыттың тұжырымдамасы бойынша зерттеу нысанын Жошыдан бастап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі тарихи кезең сабақтастықта кіреді. Институттың алдында алдымен деректану, археология, нумизматика салаларына қатысты ауқымды міндеттер тұр.
Бүгінде қоғамымызда осы дәуірге қатысты тарихи зерттеулерге, көрнекті альбомдар мен деректі фильмдерге, шынайы ғылыми және ғылыми-танымдық туындыларға деген қажеттілік өсіп келеді. Жаңадан құрылып жатқан институт мемлекет басшылығы жүктеген осы міндеттерді орындайды деп сенеміз.
Жалпы алғанда, бүгінде Ұлық ұлыс тарихын зерттейтін Қазақстанның өз мектебі қалыптаса бастады деуге негіз бар. Еліміз Ұлық ұлыстың ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналуда. Бұл ретте, мемлекеттілік тарихын Алтын Ордадан тарататын әртүрлі елдің ғалымдарының да ғылыми әлеуетін біріктіріп, ортақ мұраны бірлесе зерттеу аса маңызды. Осы ретте, Қазан ғалымдарының зерттеу әдістерімен тәжірибе алмасу бағыттарын да қарастыру қажет деген ойдамыз.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алтын Орда дәуіріне арналған ауқымды тарихи кинофильмді түсіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан өзге, қазіргі уақытта қазақстандық және шетелдік тарихшы ғалымдар Қазақстанның 7 томдық академиялық тарихын әзірлеуде. Бұл іргелі еңбектің 3 томы толығымен Алтын Орда тарихына арналады. Шынтуайтында, 2014 жылға дейін мұның бәрі орындалмайтын арман сияқты көрінетін еді, бірақ уақыт талабы қажеттілікті тудырып, қастерлі тарихымыз түгенделе түсуде.
Ұлытауда мемориалдық кешенді қалпына келтіру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, бірқатар игі шара атқарылды. Бұл тұрғыда, Қарағанды облысы әкімдігінің атқарған орасан зор жұмысын арнайы атап өткен жөн. Атап айтқанда, осы қыруар істің нәтижесінде күллі әлем әйгілі Шыңғыс әулетінің жер бетіндегі жалғыз айғағы болған киелі кешен – Жошы хан кесенесінің ұлтымыздың ұясы Ұлытауда сақталғанын білді. Ұлытау ауданы республикалық маңызы бар туристік орталыққа айналды. Келесі міндет –тарихи-рухани маңызы зор Ұлытау өңіріндегі ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО-ның материалдық мұралар тізіміне енгізу болса керек.
Алтын Орда мемлекетінің жарғы-түзімінің арқасында әлемнің түрлі ұлт-ұлыс өкілдері, әрқилы нәсілдер мен діни наным-сенім өкілдері бір шаңырақ аясында жарастықта өмір сүргенін зерттеушілер тиянақты дәлелдеп келеді. Халқымыздың жатты жатырқамайтын үйлесімділік пен үндестікті ардақтайтын ізгілікті дәстүрінің түп-тамыры Алтын Орда дәуірінде түбегейлі қалыптасып шыңдалғаны анық. Қазіргі генетика ғылымының жетістігі көптеген қазақ руының бастауын Ұлық ұлыстың даңқты дәуірінен тарататын көне шежірелердің ақиқаттығын растап отыр. Жалпы, қазақ халқының ру-тайпалық тарихы мен шежірелерін Алтын Орда тарихы контекстінде қарастырған жөн. Себебі қазіргі қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың бірқатары Алтын Орда құрамында болған өзге түркі халықтарында молынан ұшырасатыны белгілі. Бұл орайда қазақ халқы көшпелі ғана емес, сонымен бірге қалалық негіздегі түркі-мұсылман өркениетінің мұрагері де болған деуге дәлел жеткілікті. Берке ханның ислам мәдениетін енгізу үрдісі әз-Жәнібек тұсында қуаттанып, ислам мемлекеттік дін ретінде орныға түсті. Осы тұстан бастап, Еуразия кеңістігінде көне түркілік дәстүрден түркі-мұсылмандық мәдениетке бет бұрған жаңа тұрпатты өркениет қалыптаса бастады.
Ұлы даланың тамырлы тарихы арқылы Қазақстан Еуразияның географиялық орталығы ғана емес, сонымен қатар, ең алдыменен, сауда жолдары мен мәдени құндылықтардың алмасу торабы – «Еуразия жүрегі» ретінде қабылдануда. Әлбетте, Алтын Орда – бұл жай ғана мемлекеттік құрылым емес, ол бүгінде біз «Еуразиялық» немесе «посткеңестік» деп атайтын кеңістіктің барлық дерлік халықтарының тарихына арқау болған өркениеттік матрица.
Ұлық ұлысты зерттеп зерделеудің игерілмеген бағыттарының бірі – шаруашылық және экономикалық аспектілері. Қазір қайта жаңғырған Жібек жолына иелік еткен, шығыс пен батысты, түстік пен теріскейді байланыстырған Алтын Орданың қуатты экономикасы болғаны белгілі. Алтын Орда дәуірінің сауда-саттық жолдары мен әлеуетін зерделегенде нумизматика саласын қарастыру маңызды. Сол арқылы Ұлық ұлыстың дәуірлеу және құлдырау кезеңдеріне нақты айғақтар таба аламыз.
Жалпы алғанда, XVIII-XX ғасырларда тарих сахнасына шығып, халықтарды құлдыққа салып қанау және мәдениеттерін қиратуға негізделген кейбір «классикалық» империялардан Алтын Орда мемлекеті түбегейлі өзгешеленеді. Мысалы, көптеген империялар өздері жаулап алған елдердің жер-су атауларын, елді мекендерін өзгерту арқылы ұлт жадын жоюға тырысқаны тарихтан белгілі. Ал құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың тілі мен дініне, салт-дәстүріне ешқандай қысым жасамаған Ұлық ұлыс олардың мәдениеті мен әдебиетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Үлкен континенттің бірқатар мемлекеттері мен халықтарына даму жолын ашып, жаңғыртушы жасампаз қызмет атқарды. Сондықтан Ұлық ұлыс – бірін-бірі жоюшы емес, керісінше, бір-бірін толықтырушы «мәдениеттер мозаикасын» қолдайтын, орныққан әрі тиімді мемлекет тетігі арқылы қалыптасқан тұтас жүйе. Ол мемлекеттің тетігі – меритократия принципіне, сондай-ақ вертикалды басқару мен адамның жеке тұлғасына құрметпен қараудың үйлесіміне негізделген еді. Сондықтан Ұлық ұлыс тарихынан қазіргі жаһанданудың, гуманизм идеяларының, адам құқықтары мәртебесінің алғышарттарын байқауға болады.
Осынау ұлы Еуразиялық өркениетті туғызған пассионарлық қуат кезінде көшпенділерден мұра болып қалғаны жасырын емес. Әлеуметтанудың атасы Ибн Халдунның тұжырымдарына сәйкес «асабия» термині (біз оны бүгін «пассионарлық» деп жиі қолданамыз) әуелде дәл осы көшпелілер қоғамына тән болған. Көшпелі жұрттың табиғи белсенділігі нәтижесінде қала мәдениетімен дамыған өркениеттер пайда болды.
Қоғамдық сананың осы жаңа пайымдарының нәтижесінде Алтын Орда дәуірі мен оның бай мұрасы тәуелсіз Қазақстанның ішкі ғана емес, сыртқы саясатының да факторына айналуда. Ата-бабаларымыздың өсиеттеріне сәйкес қазіргі Қазақстан Республикасы да халықаралық аренадағы теңдікті сақтау мен бітімгершілік жолын ұстануда.
Тарих қоғамдық сана факторы болғандықтан, маңызды мәселелерге арнайы тоқталу қажет, себебі кейбір өтімді тақырыптарды бұрмалап саудалау бүгінгі күні әдетке айналған. Айталық, Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, хандарымыздың бабасы Жошының шығу тегі туралы әу баста жалған дақпырт таралған. Жошының бауыры Шағатай айтты деген өтірік өсек Ұлықбек сынды ортағасырлық бірқатар танымал тарихшы тарапынан әлденеше рет теріске шығарылса да күні бүгінге дейін кейбір тарихшы мен публицистер сол мәліметтерді жауапсыздықпен қолданып келеді. Қазіргі таңда, Жошы ұлысының мирасын біздің тарихи мемлекеттілігіміздің іргетасы ретінде қабылдап жатқан тұста, бұл мәселенің таза ғылыми сипатымен қоса саяси астары да бар екенін ескерген абзал. Сондықтан бұл тақырыпты дәйектілікпен ыждағатты түйіндеп, нүкте қоятын уақыт жетті. Осыған орай, Жошы Шыңғыс ханның туған ұлы және оның заңды мұрагері деген бұлтартпас тарихи фактіні тұжырымдама еткен орынды. Егер ол Ұлы қағанның сүйікті белбаласы болмағанда Шыңғыс ханның өзінен кейінгі екінші тұлға ретінде мәртебеге көтеріліп, алып империяның жартысын билеп, ұлыстардың ішіндегі қуатты әрі ең ауқымды Дешті Қыпшақ – ұлы еуразиялық мемлекетінің иесі болар ма еді.
Жошының тарихи тұлғасы мен оның саяси мұрасын зерттеу бағытында әлі де қыруар жұмыстар кезек күтіп тұр. Алда, дәлірек айтқанда, 2025 жылы Жошының таққа отырғанына 800 жыл толады. Осыған орай, атаулы күнге қатысты дайындық жұмыстарын бүгіннен бастаған абзал.
Оқулықтарға Жошы мен оның Ұлысы туралы шынайы деректер енгізілуі керек, әрбір қазақстандық оқушы мектеп қабырғасынан бастап Алтын Орда, Талас құрылтайы, Жошы, Бату, Берке, Қайду, Өзбек хан және әз-Жәнібек туралы деректерді біліп өсуі керек. Жалпы, ғұмырнамасы Қазақстан тарихымен тікелей байланысты Жошы, Берке және Қайду сынды тарихи тұлғалардың мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге және насихаттауға баса назар аударатын уақыт жетті. Бұл тарапта, Түркі академиясы Жошы мен Беркеге арналған екі ғылыми монография жариялады.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында, яғни 1990-жылдары қызбалыққа салынып тарихи мәліметтерге байланысты түрлі қияли мифке бой алдыру өткінші бір кезең ретінде есте қалары хақ, дегенмен арада 30 жыл өтіп кемелдену кезеңіне аяқ басқанда, осы «сәбилік сырқаттан» арылып, тарихқа деген әділ әрі байыпты көзқарасты қалыптастыратын уақыт келді деп ойлаймыз.
Әрине, Ұлық ұлыс – Алтын Орда тақырыбын терең әрі ғылыми тұрғыда бейтарап зерттей отырып, Ұлық ұлыс мұрасын сауатты түрде насихаттау қажет. Бұл ретте еліміздің қалаларындағы көшелер мен даңғылдарға Ұлық ұлыс тарихының көрнекті тұлғаларының есімдерін беру қажет. Ең аз дегенде, елордада Ұлыс дәуірінің құжаттарын, көне теңгелері мен қару-жарақтарын жақыннан көріп, байтақ тарихымыздың алтын дәуірі жайында қызықты деректермен таныса алатын Ұлық ұлыс мұражайы құрылуы керек.
Қоғам Алтын Орда тарихының сюжеттеріне негізделген жоғары сапалы фильмдерді күтуде. Қазақстандағы кинотеатрларда көрсетілетін кез келген тарихи фильмге үлкендерден бастап жасөспірімдерге дейін толық келетіні белгілі. Яғни қоғамның ұлттық тарихқа деген сұранысы өте жоғары. Сондықтан, біз жақында экраннан Ұлық ұлыс тарихы туралы тамаша туындылар көреміз деп үміттенеміз. Бұл көрермендерге өздерінің өткен тарихы туралы мақтаныш сезімін оятып, болашаққа деген жауапкершілікті сезіндіруге ықпал етеді деп ойлаймыз.
Иә, болашаққа деген жауапкершілік сезімі әрқашан өткеннің мақтанышына негізделеді. Сондықтан да ұлттық сананың негізін дәл осы қазыналы тарих құрайды деп тұжырымдауға болады. Тарихымызды, оның құндылықтары мен мұраттарын білу біздің қайда бет түзегенімізге және кім болғымыз келетініне тікелей байланысты. Міне, сондықтан біздің қысылтаяң шағымыздағы ұлттық тарих саласындағы мемлекет саясатын айқындайтын тарихшыларға, өнер адамдарына және мемлекет қайраткерлеріне түсетін жауапкершілік орасан зор болса керек.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы бекіткен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы тарихи сананы қалыптастыруға, өткенімізді зерделеп, шынайы көзқарасты дамытуға, осы саладағы академиялық ғылымның жетістіктерін нақтылауға ықпал етеді. Біз стратегиялық маңызы жоғары осынау ұлттық жобаны жүзеге асыруға отандық ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері барлық күш-жігерін салады деп сенеміз.
«Egemen Qazaqstan» газеті