Уақыттың жан-жүйе тынысы
Қай дәуірдің болса да, аса маңызды құндылықтарының бірі – ақпарат. Ақпарат неғұрлым жедел әрі шынайы болған сайын оның маңызы күшейе бермек. Себебі, адамға қай мағынасында да жаңалық керек. Қандай да бір ақпарат көздерінен болса да. Осы орайда, сонау Кеңес заманында «Москва слезам не верит» деген фильм көргенім әлі есімде. Сондағы бір кейіпкердің: «Болашақта ақпарат құралдарынан тек телевидение ғана қалады» дегені бар. Бүгін де дәстүрлі БАҚ-тың, әсіресе, мерзімді баспасөздің күнін қараң қалдырып, онлайн медиаға мол мүмкіндіктер ашылады деп жататындар баршылық. Олар «инфодемия» (ақпараттық пандемия) өршіп тұрса да, болашақ интернетте деп есептейді. Жақында ғана Елордада өткен Astana Media Week-2021 медиа апталығына қатысушылар тарапынан да осыған ұқсас пікірлер айтылып қалды.
Мәселен, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейро «COVID-19 адамдарды оқшаулануға мәжбүрледі. Соның әсерінен әлеуметтік желілерге жүгінушілер саны артты. Сондай-ақ интернет – сөз бостандығы мен цифрлық БАҚ-ты дамыту үшін де маңызды. Екінші жағынан, халықтың ресми БАҚ-қа қарағанда әлеуметтік желіге көбірек сенетіні анықталып отыр. Ал онда фейк жаңалықтардың да болу қаупі жоғары. Бұл қоғам үшін үлкен сын-қатер» десе, өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Соңғы 1,5 жылдың ішінде адамзатқа эмоциялық қысым күшейді. Ақпаратпен бірге берілетін қызбалық оны қабылдау әсерін бірнеше есе күшейтті. Сөйтіп, әлеуметтік желіде карантиндік талаптарға, вакцина салдарынан болатын өлім, вакциналаудың адам денсаулығына теріс әсері және тағы да басқалар туралы жалған ақпарат жиілеп кетті» дей келе, интернет желісіндегі осындай теріс ақпаратты азайту мақсатында stopfake.kz сайты іске қосылғанын, содан бері 1 500-ден астам жалған ақпарат теріске шығарылғанын мәлімдеді. Және де Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори да бұл инфодемияның өткір мәселеге айналғанына тоқталып, «Жалған ақпарат үлкен келеңсіздіктерге алып келуі мүмкін. Сондықтан сенімді дереккөздерден ғана ақпарат алу маңызды» деген нақты пікірін білдірді.
Демек, қазіргі аудитория сенімді әрі сапалы деректерге көбірек жүгінгені қажет деген сөз. Осыған орай, Парламент Сенатының жанынан құрылған Жас сарапшылар клубы мүшелерімен кездесу барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің сөзінде «Пандемия кезінде нақты мәліметтер мен тексерілген ақпараттардың тапшылығы байқалды. Сондықтан адамдар ақпарат көздеріне мұқият мән беріп, беделді медиаларға басымдық берді» деп ерекше атап өтті. Расында, шынайы ақпарат қай кезде де өтімдірек. Бүгінгі ескен желдей құрғақ ақпараттардың ертең, не бүрсігүні көркем тілмен кестеленіп жарыққа шығуын күтеді. Яғни, кәсіби деңгейі жоғары ақпарат көздерінің тасы өрге домаламақ. Әрине, журналистердің дұрыс ақпарат жеткізу жауапкершілігі тиісті дәрежеде болған жағдайында.
Жалпылай келгенде, мерзімді баспасөзді қалай түсінсек болады десек, ол – санаға сыналап енетін сара сөздің тасқа басылған қалыбы. Ол – сілтесең өткір семсерің, қорғана қалсаң қалқаныңдай құдіретті қару. Ол – миллиондар назар салып, құлақ түретін насихат аудиториясы. Ол – уақыттың жан-жүйе тынысы, заманның бағдаршысы. Қазақша шығатын басылым – қазақ ұлтының кешегі тынысы, бүгінгі танымы, ертеңгі тарихы. Ендеше, қазіргідей информатика мен интернет жүйесі қарыштаған техника ғасырында да газет пен журналдың рөлі ешқашан төмендемейді. Сондықтан да журналистер атмосферасына үлес қосу маңызды. Өкінішке орай, бүгінгі күні оңтайландыру деген желеумен қалалық, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі біршама БАҚ өркен жаюдың орнына, қызметкерлерін азайтып қана қоймай, жергілікті жерлердегі меншікті тілшілерін қысқартуға мәжбүр. Ал негізі, қай саланың болмасын қалыптасып, дамып, өркен жаюы бірінші кезекте маманға байланысты. Сөздің реті келіп тұрғанда, белгілі мемлекет қайраткері, ақпарат саласының білгірі Сауытбек Абдрахмановтың атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист жұмысының қадірі жайында жазған естелігінен үзінді бере кетсем бе деймін.
«Мына дүниеде өзінің бір өмірінде жүздеген жандардың өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігін сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандықтар екенін білесіздер ме?» деген еді Генрих Авиэзерович. Қол көтерген жігіт: «Біреуі актер мамандығы. Актер патша да болады, бақташы да болады, солдат та болады…» деген тұрғыда айтты да тоқтап қалды. Басқа ешкім суырылып шығып, оның сөзін толықтыра қоймады. Күтіп тұрмыз. «Екінші мамандық – журналист» деді мэтр. Бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады, сол мамандықтардың бәрінің де жай-жапсарын жалпылама болса да жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан да сіздер – адамға бір-ақ рет берілетін мына өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік жасайтын ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамдарсыздар…».
Ал енді қазіргі пандемия кезіндегі журналистиканың басты миссиясы, ол – елдегі тұрақтылықты сақтауға, сенімді әрі түпкілікті ақпаратпен қамтамасыз етуге саяды. Бұл, бірінші кезекте, өмірдің талабына сай білікті журналистерге сұранысты арттырары анық. Сондықтан басты мәселе – сандық та, сапалық та жағынан классикалық үрдіс пен заман ағымына бейім контингент дайындауға, яғни, медиа сауаттылықты көтеруге келіп тіреледі. Жалпы, білікті мамандарды даярлау үлкен жауапкершілікті және креативті шешімдерді басқарудан тұрады әрі жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларының модернизациясы бүгінгі күн талаптарына, нақтырақ айтқанда, медианарыққа бағытталуы қажет.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
«Бас редакторлар клубы» РҚБ вице-президенті.
НҰР-СҰЛТАН қаласы.