КЕЛ, БАЛАЛАР, ОҚЫЛЫҚ!» биылғы Білім күні осындай тақырыппен өтеді

Енді бірер күннен соң мектеп ауласы балалардың шат күлкісі мен қоңыраудың сыңғырлаған үніне толмақ. Барлық мектептерде дәстүрлі Білім күні өтеді. Ол биыл «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбымен өткелі отыр. Екі жыл үзілістен кейін есігін ашқан мектептердегі дәстүрлі оқудың осындай атаумен басталуының өзі көп нәрсені аңғартқандай…

Алғашқы қоңырау 1 сыныпқа соғылады

Сонымен, биылғы оқу офлайн түрде басталады. Оған мектептер сақадай сай әзір тұр. Аудандық білім бөлімі берген ақпаратқа қарағанда, аудан бойынша 4 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Оның біреуі, яғни, Аманкелді ауылындағы №3 мектеп күрделі жөндеуге қойылған. Мұндағы жұмыс бүгінгі күні 70 процентке орындалған. «Оқу басталғанша мектеп толық жөнделіп, іске қосылады» деп отыр білім бөліміндегілер. Ал, ағымдағы жөндеуден өткен 3 мектеп шәкірттерді жаңарған кейіпте қабылдамақ.

Орайы келгенде айта кетейік, биыл алғашқы қоңырауға мектептердің оқушылары түгел қатыспайды. 1 қыркүйекте болатын Білім күні салтанатты іс-шарасы дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ғана ұйымдастырылады. Ал, 2 мен 11-сынып оқушылары тікелей бекітілген кабинеттерге барып, сонда тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады. Жалпы, биылғы оқуда сабақ бір сынып – бір кабинет жүйесі бойынша өтеді.

«Әліппемен» қауышады

Биылғы оқу жылының басты ерекшелігінің бірі – бастауыш сынып оқушылары «Әліппемен» қауышатын болады.

Аудандық білім бөлімі қазір аудандағы барлық білім беру мекемелеріне «Әліппе» оқулығы жеткізілетінін айтып отыр. Олардың сөзіне қарағанда, биыл 1-сыныпқа баратын оқушылар «Әліппе» және «Букварь» оқулықтарымен, олардың қосымша дәптерлерімен тегін қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, биыл аудан бойынша 180 бала бірінші сыныпқа келеді. 1 қыркүйекте өтетін іс-шарада ұстаздары алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» мен «Букварь» оқулығын табыс етеді.

Цифрлы платформа – назарда

Екі жыл онлайн оқудың нәтижесінде білім беру мекемелерінде цифрлы платформаларға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Оқушылар да, оқытушылар да бұл жаңа жүйені жап-жақсы игеріп алды.

Офлайн оқыту жүйесі кезінде де цифрлы платформадан қол үзіп кетпеу керектігі айтылып жатыр.

Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, дәстүрлі форматқа көштік деп осыған дейінгі пайдаланылған платформаларды ұмытпауымыз керек. Олар мектептерде бұдан кейін де пайдаланылады. Сондықтан цифрлы платформалар үшін түсірілген, дайындалған сабақтарды пайдаланып, оқу процесіне енгізу өте маңызды екенін Білім және ғылым министрлігі алға қойып отыр. Екіншіден, бір сыныптан бір оқушы ауырып қалса, ол сынып автоматты түрде карантинге жабылады. Яғни, оқу қайыра онлайн жүйеге көшеді. Сондықтан осы жағдайға да әзір болуымыз керек.

Мұғалімдер вакцина алды

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырған еді. Жалпы, бұл жұмыс біздің ауданда өткен оқу жылының аяғында-ақ қолға алынған. Ауданда жаппай екпе алу науқаны басталғанда, дәрігерлермен бірге мұғалімдердің біразы алғашқылардың қатарында вакцина салдырған еді.

Қазір бұл жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Бүгінгі күні ұстаздардың 92,5 проценті екпе алды. Ауданда жалпы 458 мұғалім бар. Олардың 344-і вакцина салдырды. 80 мұғалім медициналық шектеу алды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ