Қарағанды облысы Абай күнін атап өтуде

Абай күніне орай Қарағандыда ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, мәдениет майталмандары, ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Абай күнін атап өту біз үшін өте маңызды, – дейді Қарағанды облысы ҚХА мүшесі, Еврей мәдени орталығының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский. – Себебі Абай – бүгінгі және болашақ күннің мақтанышы мен философиясы. Бұл табиғат, адам, оның психикалық азаптары туралы жан-жақты білім. Осы ойлардың барлығы технологиялық прогресс пен цифрландыруға қарамастан ешқашан маңыздылығын жоғалтпайды. Ал адамдағы адамгершілік – ең бастысы.

Абай ерекше дарын иесі, ақиық ақын, музыкант, ағартушы, қоғам қайраткері болды. Оның «Қара сөздері» қазақ әдебиетінің інжу-маржаны, тұңғиық терең ойдың көзі.

– Бүгін – бүкіл қазақ халқы үшін ұлы мерекелердің бірі, Ұлы Абайдың даналық күні. Абай күні біз болашақты ойлаумен қатар, біздің іс-әрекеттерімізді, бүгінімізді түсінуіміз керек. Мен халқымызды Абай күнімен құттықтаймын. Абайдың даналығы бүгінгі және болашақ ұрпақтың әліппесіне айналғанын қалаймын, – деп атап өтті белгілі меценат Бекзат Алтынбеков.

Сонымен қатар облысымызда Абай күніне орай көрмелер, бейнесабақтар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, ғылыми-танымдық конференциялар және де басқа шаралар өтуде. Карантиндік шектеулерге байланысты іс-шаралардың басым бөлігі онлайн-форматқа көшірілген.

Қарағанды облысында ақиық ақынның үш ескерткіші және төрт бюсті орнатылған. Абай есімі қала, аудан және екі ауылдық мекенге, үш проспектке, сексен көшеге, жеті оқу орнына, екі мәдениет үйіне берілген.