Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?

Ұлар жайлы ойлаған сайын балалық шағым қалған алыс күндердің елесіне шомамын. Тәңіртаудың ең биік шоқтығы – Хантәңірдің күншығыс сілеміндегі Ағаяз алқабында қыстауымыз болды. Айнала қоршаған алып таулар, күннің көзі түсер уақыт пен көлеңке басы ұзарар шақтың арасы қарғаадым ғана. Қойды қоралап, мал жайғап үйге кіргенше ымырт жабылады. Сол бір қас қарайған мезгілде төбемізден әуені жара гулетіп, атқан оқтай ұшып өтетін құс болушы еді. Ол құс – сақпанның тасындай ағып ұшатын ұлар-тын.

Таң қылаң бере ұясынан жем іздеп шығады, ұшқырлығына көз ілеспейтіні соншалық, бір серпілгенде мына жалдан ана жалға өтеді. Бозамық таңда шаңқылдаған дауысын естісеңіз, үйірін адастырмай бастап бара жатқан ұлар деп ойлаңыз. Осы сырғанап ұшқан беті терең аңғар, құз жартастағы ұясына барып бірден қонбайды, қонағынан төмендеу қонып, ұясына дейін жаяулап барады. Бұл сұңғыла ұлардың басқа жыртқыш құстардан із жасырғаны. Ондай жерді қазақтар «Ұларқонақ» деп атаушы еді. Ал қорым-қорымның арасы, бауқарағанды татыраң жерге ұя салып, балапан басады.

Кешкі ас үстінде атам ет үгіп отырып әңгіме бастайтын: «Таутекелердің тебінін қуалап жайылатын ұларлар бүгін шықылықтап мал отарына қарай еңкейе жайылыпты. Көп ұзамай күн райы бұзылады. Малды құласынға жолатпай, тепсеңге қарай түсіріңдер!» деп отыратын. Сол түнгі әңгіме тек ұлар жайлы өрбуші еді. «Көбік қарда көзі көрмей қалады екен, баспалап таяқтастам жерге дейін бардым, тамылжыған даусын-ай, шіркін, сыбызғы тартып отырғандай!» деп сүйінеді ағам. «Қысқы шілде жаңа туды, ақ қар, көк мұзға бауырын төсеп ұлардың ақ май болып семіретін дер шағы енді басталды» дейді қайта сөз алған атамның көзі ұшқынданып. «Жұмырынан шыққан тасты қайнатып ішсе, қырық түрлі кеселге ем дейді ғой» деп апам бір шеттен әңгімеге араласады. «Не керемет екенін, тас теріп жейді, асқазаны тас қорытады, пышақтың ұшы батпайтын жемсауынан ұсақ-ұсақ қиыршық тас шыққанын талай көрдік қой» деп атам әрі қарай хикаясын жалғай беретін…

«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген сөзді дүйім қазақ біледі. Ұлардың еті кебір келеді, жұртымыз оны көбінде емдік қасиеті үшін қолданған. Бала күнімізде атамыздың аузынан түспейтін осы Ұлытау бізге Тәңіртау секілді шыңдары көк тілген, тіпті одан да биік тау болып елестейтін. Күндер өте келе Ұлытауға да аяғымыз тиді, тоқсан тараулы тарихына қаныға бастадық. Қазақтың ел болып іргесі бекіп, басы біріккен, 36 ханды ақ киізге көтеріп хан сайлаған құйқалы қонысы, құтты мекені екен… Ұлытаудың ең биік жері – 1134 метр, ал орташа биіктігі 400-600 метр ғана. Ұлар басын қысы-жазы ақ қар, көк мұз құрсап жататын асқар тауларда мекендейді, ал Ұлытауда ұлар жоқ, жаратылыс заңына сүйенсеңіз, болуы мүмкін де емес. Ендеше, ұлар жайлы сөз бола қалса алдымен тілге орала кететін «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсілдің шығу төркіні қалай?! Бойына қандай жұмбақ сырды, ескі тарихты бүгіп жатыр?!

Осы сауалдың жауабын біз Шығыс Түркістан қазақтарының фольклорында сақталған «Есенгелді» батыр жырынан таптық. Шамамен, XVIII ғасырдың орта тұсынан ауған, жоңғармен шешуші қан майдан, қанды жорық ашылар тұс. Абылай хан ақ туын Ұлытауға тігіп, үш жүздің баласын хан кеңесіне шақырады. Кеңес алдында семсерінің жүзіне жанын түйген үш жүздің оғландарын елдікке шақырып, ерлік пен бірліктің белгісі деп көк тасқа қашап таңбаларын салғызған. Сондағы Әбілмәмбеттің сөзі екен дейді жыр:

Және де Ұлытаудың  ұларын ат,

Етін жеп, сол ұлардың қыламыз ант.

«Жеп пе едің Ұлытаудан ұлар етін?»

Дегендей кейінгіге болады салт.

Екі шартты орындап кеңес баста,

Үш жүздің басшылары, деп айтты қарт. [Бабалар сөзі: Жүз томдық.Т.29].

Ұлы жорықтың алдында анттасу көшпелі жұрттың әлімсақтан жалғасқан жосыны. Анттан аттау өлімнен ауыр, серт берген жауынгердің жаны пида, ол еш тайсалмай жалаңаш барып жауға тие алады. Ант берудің әртүрлі жол-жоралғылары бар. Боз биенің қанына қол матырып анттасып, асықты жіліктің екі басын тең мұжып, төс қағысып анда болған. «Ерте дәуірде ерлер ант берісіп, «анда болу» рәсімін жасағанда бас бармақтарынан қан шығарып, оны ыдысқа құйып, өзара бөлісіп ішкен немесе екі батыр бар мағының ұшын тіліп, қан шығарған соң, бірінің саусағынан бірі сорған» деп жазады Ақеділ Тойшанұлы «Ант» атты мақаласында. «Қанды саусақ сорысып, қандас бауыр болысып» анттасқаннан кейін кімде-кім оны қиянат жолында бұзса зауалын тартады деп сенген. Қазақ ұғымында қасиетті құс болып саналатын ұлардың етін жеп, қанына қол матырып, ел тағдыры сыналар ұлы жорықтың алдында ант беру – киелі сөзге, құдайы іске бәтуә байласу.

«Ант» сөзі де осы «о дүние, ата-баба, өлілер әлемі» деген мифтік келтіріммен сабақтас болып шығады. Сірә, «ант еткенде» батыр, жауынгер ең алдымен өлген ата-баба рухы, үрейі атынан не соған арнап сөз берген, айтқан сөзін белгілі бір «киелі сипатты» деп есептелген сұйық (су, қан, қымыз не сүт, шарап?) ішумен бекіткен» деген пікір айтады ғалым Серікбол Қондыбай. Қаймана қалың жұрт қана емес ата-баба аруағы алдында да қасам іштің. Рухтардың медет беріп, құзыры түсуін, алдағы ақ жолыңды ашық қылып, шапағатын төгуін сұрадың. Енді жауынгердің бойындағы шыбын жан киелі нұрға шомды. Серт берген істің мұраты жолында басын сұм ажал жалмаса да ол асқақ өлім болмақ. Ғалым Серікбол Қондыбай ант берудің шығу төркінін айта келіп, тамырының тым бағзыда екенін, біздің заманымызға дейінгі 50-жылдардағы хуннулар мен қытай арасындағы анттасу рәсімінен дерек келтіреді. «Тәңірқұт, оның уәзірлері және қытай елші-әскербасылары Хуанну тауына көтеріліп, Но өзенінің шығыс жағалауына барып, ақбоз атты құрбандыққа шалады. Тәңірқұт «жорық қылышын» (хуннулар жорық қылышын ең қасиетті қылыш деп есептеген) алып, оның ұшын шарапқа малды. Бұл – бір кезде Лаушан тәңірқұт өлтірген Жыу-жы патшаның бас сүйегінен істелген тостағанға құйылған «ант шарабы» болатын, жиналғандар кезекпен осы ант шарабын ішті». Антты кім бұзса, Көктің қаһарына ұшырап, ұрпақтарын сол анттың киесі атсын деп сөз байласады. Тарихшы Геродот та скифтердің ант беру рәсімі туралы, киелі деп есептеген сусынға қаруларын матырып, соңыра ұзақ дұға оқылғасын оны ішіп анттасатынын жазып кеткені мәлім.

Үш жүздің баласы Ұлытауда бас қосып, ант қабылдауы тегін емес. Көшпелі жұрт ант ету жоралғысын өздері киелі санап табынған таудың басы, өзеннің бойына келіп өткізген. Әрқашан да табиғатты жансыз зат ретінде қабылдамаған. Асқақ тау, алып өзендердің де жаны бар екені, осы жасаған бата, тоқтаған шешімге куә боларына сенген. Бұл нанымның тамыры тым ертеден бастау алған. Ғалым Едіге Тұрсыновтың неолит тайпалары, оның ішінде сахалардың «мекен иесіне желі арнап сыйлау» ырымы туралы келтірген мәліметі дәлел. «Ырымның мақсаты – құдайлардан, табиғат иелерінен, жындардан мал төлінің өсуін, қымыздың мол болуын өтіну. Ол үшін қулық-байталдың сүтінен қымыз дайындап, оны маймен араластырып, оңаша өскен қайыңның жанына алып келіп, ақ жылқының қылына ораған бір шелек қымызды алдына: «Жер-суымыздың иесіне желі арнап сыйлау үшін келдік», деп қоятын». Жерсуға арнап қымыз шашу ырымы табиғатты жанды құбылыс деп танудан, иесі риза болса желеп-жебеп жүреді деп сенуден туындап отыр. Осы ырымның жұрнағы қазақ даласында әлі күнге дейін сақталған. Мысалға, алыс сапарға аттанар жолаушының атының жалына ақ бүркіп жатады. Көктемде алғаш күн күркірегенде ожауын тақылдатып, үйдің іргесіне, есікке, босағаға, маңдайшаға ақ жағып, тілеу тілейді.

Бүгінгі таңдағы жетілген ғылым, кибернетика ғалымдары бұл ырымдардың жалаң тотемдік наным ғана емес екенін, табиғаттың «жаны» болатынын біліп айран-асыр болып отыр. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Аңыз жайындағы аңыз» атты мақаласында осы тылсым құбылыстың сыры жайлы айтылады. «Құм, бұл дүниеде не оқиға болды, соның барлығын кванттық деңгейде (квантовая память) «есіне» сақтайды. Шөл дала, белгілі бір жағдайда, әсіресе қатты ыстық болғанда, осы кванттық суреттерді сыртқа шығарады. Бүгінгі ғылым үшін жұмбақ құбылысты осындай ғана түсіндіруге болатын сияқты. Бір компьютерші: компьютердегі чиптың бойындағы осы көне заманнан келе жатқан мәлімет кенеттен «іске қосылып», бүгінгі программамен қақтығысып қалады, сол кезде компьютер көпке дейін істен шығып «қалқып» қалады, көпке дейін қосылмай қояды деп айтып еді». Міне, ілкіден бері сайын даланы ен жайлаған көшпелі жұрттың жұмбағы енді шешіліп келе жатқандай. Ата-бабаңның мұғжизаға айналған танымына көзің жеткен сайын уақыт керуені кері көшіп бара жатқандай сезімге бөленесің.

Абылай хан ақ туын киелі Ұлытауға тігіп, үш жүздің баласына сауын айтып, кеңеске жинауының рухани мәні осында. Ұлытаудай қасиетті мекенде айтылған серт Тәңірінің құлағына шалынып, ата-баба аруағының құзырына түседі. Тарихтың тозаңына айналып кетпеу үшін ержүрек Алаш баласы андағайлап атқа қонды. Ханның кеңесінде күллі қазақ даласынан жиналған әр рудың көсемдері бәтуә қылған шешімді бұзбай, бойынан жаны ұшқанша күреусуге ұлардың қанына қолын малып, Ұлытауға қарап ант етті. Қанға қол матырған әр ру басшыларының қолы соңынан ерген қалың елінің қолы. Хан ордасындағы ел тағдыры талқыға түскен ұлы құрма қазақ тарихына бұрылыс әкелді. Алқалы топтың кеңесін қазақ даласының шартарабына жаушылар таратып бара жатты. Қазақты жеңіске бастаған осы күннен кейін мерейі өскен ел аузында «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсіл қалды. Әгәрәки, кімде-кім өз жұртына опасыздық жасап, жасанып келген жауға берілсе «Сен де Ұлытауға барып едің ғой, ұлар етін жеп едің ғой, берген антың қайда?» деп бетіне түкіретін болған. Бүгінгі таңда қазақтың бағы асып, жұлдызы жанып жатса, сол баһадүр бабаларымыздың антына адалдығы шығар…

Ғайыптың құдіретімен сағымға бөккен Ұлытаудан сары даланың төсін дүбірлетіп өткен ата-баба елесі ат ойнатып шықса!… Ұлытау бәріне куә. Ол төсіне түскен әр ат тұяғына дейін жадында сақтайды. Ұлытау айтпаса да көз алдым мұнарланып жорық үстіндегі түмен-түмен қол келеді. Сарбаздар найзаларының ұшын айқастырып тіккен қосында ұлардың сүйегін отқа жағып, күлін жарақатына сеуіп отырады немесе қауырсынын күйдіріп қылыш кескен жараның қанын тоқтату үшін басып жатады. Енді бірі қапшықтан ұнтақталған ет алып шығады. Әрине, ол – ұлардың кептірген еті, жарақаттарға себеді, удай ащы, бірақ тыртық қалдырмай жазады. Ұлытауда етін жеп, қанына қол матырған ұлардың сүйегі де, қауырсыны да жорық жолында таптырмас ем.

«Ұлар – кешегі жүген-құрық тимеген арда қазақтың бізді тастап аспан жаққа көшіп кеткен рухы емес пе екен?» дейтін сөзі бар еді Есенғали Раушановтың. Осы жерде ұлардың және бір қасиеті ойға оралады. Бүркіт, қаршыға, лашын секілді өзінен әлді құстар қуғанда қанатын қомдап қашады, егер де жеміне айналып бара жатса, өзін тасқа соғып өлтіріп жібереді. Басқаның жемтігіне айналғаннан ақ өлімді артық көргені. Осыдан кейін қалайша ұларды қазақтың аспанға көшіп кеткен рухы емес пе екен демейсің?!

 Ғылымнұр КӘДІРБАЙ,

Тұран-Астана университетінің магистранты.

«Egemen Qazaqstan» гезетінен.