Елімізде ең үздік ауыл әкімі таңдалады
Қазақстанда «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы өтуде. Оған қатысуға ауыл әкімі лауазымында кемінде бір жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің басшылары қатысады. Үміткерге қойылатын басты талаптың бірі — олар әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылмаған болмауы тиіс.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлерді жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар ұсынады, сондай-ақ, әкімдерге өз кандидатурасын ұсынуға рұқсат берілген. Байқау осы жылдың маусым-қазан айлары аралығында екі кезеңде өткізіледі. Бірінші тур – аймақтық, аудандық және облыстық деңгейде өткізіледі. Екіншісі — республикалық. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталады.
Өңірлік кезеңге қатысу үшін үміткерлер қала/аудан әкімінің аппаратына келесі құжаттар мен материалдарды ұсынады:
1) конкурсқа қатысу туралы өтініш;
2) жеке куәліктің көшірмесі;
3)қызметтік тізім (кадр қызметімен расталған);
4) үміткердің сауалнамасы;
5)2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері (тартылған инвестициялар көлемі, құрылған жұмыс орындары, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі, көші-қон деңгейі, қылмыс деңгейі және т. б.);
6)әкімнің жұмысы туралы, кент, ауыл, ауылдық округ туралы бейнеролик (бейнероликтің ұзақтығы 5 минуттан аспайды);
7) конкурсқа қатысушының таяудағы 3 жылға арналған кентті, ауылды, ауылдық округті дамытуға бағытталған жобалау жұмысы (презентация – 7 слайдтан артық емес).
Конкурсқа қатысуға өтінімдер 10 шілдеге дейін қабылданады.
Өңірлік комиссия екінші кезеңге жіберілген үміткерлерді 30 тамыздан кешіктірмей анықтайды (Қазақстанның әрбір облысынан бір үміткерден).
Үміткердің конкурстың бірінші кезеңінде ұсынған құжаттары мен материалдары, сондай-ақ өңірлік комиссияның шешімі тікелей мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне 10 қыркүйек сағат 18:30-ға дейін жіберіледі.
Жеңімпаздар 20 қазанда анықталады. Олар «Қазақстан Республикасының Үздік ауыл әкімі» I, II, III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ «Үздік әкім-шаруашылық иесі», «Халық үніне құлақ асатын әкім», «Үздік әлеуметтік жоба» номинациялары бойынша марапатталады.
Конкурсты өткізу қағидалары туралы толық ақпарат мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің ресми сайтында орналастырылған.