Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикадағы ахуал туралы сөз қозғады

Оның пікірінше, жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің нәтижесінде есептеу қуатына сұраныс көбейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүктемесін арттырады.

– Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс та стратегиялық мәнге ие.

– Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында жүк тасымалын жетілдіруге, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жобалары таныстырылды. Қазан айында елдеріміз арасында электронды жүкқұжатты пайдалану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде сәтті ұйымдастырылды. Басқаша айтқанда, көлік байланыстарын одан әрі цифрландырудың барынша берік негізі қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіріп, осындай инновациялық шешімдерді іс жүзінде қолданған жөн. Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.