Ұлытау облысында 2029 жылға дейін 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Бүгін Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектепте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Кездесуге «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалы басшысының орынбасары Ерлан Мырзабеков, мектеп директоры, партияның Әйелдер қанатының инклюзия бағыты бойынша үйлестірушісі Жанна Болатбекова қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, 2026-2029 жылдар аралығында Ұлытау облысында 58 бюджеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар инженерлік, әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үй құрылысын жандандыруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар Жезқазған қаласында салынып жатқан Конгресс-орталықтың, университеттің, инклюзивті спорт орталығының және әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысы сөз болды. Бұдан бөлек, спорт, білім беру мен инженерлік инфрақұрылым жобаларының іске асырылу барысы талқыланды.
«Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше мән берілген. Ұлытау облысында жоспарланған 58 инвестициялық жоба осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Әсіресе білім беру, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау салаларындағы нысандардың бой көтеруі өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді Ерлан Мырзабеков.
Кездесу соңында қатысушылар Президент Жолдауында белгіленген басымдықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, өңірдің дамуына қатысты пікір алмасты.
