Қарағанды облысында үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Кәсіби мереке қарсаңында үздік медицина қызметкерлері Қарағанды облысы әкімінің марапаттарына ие болды. Былтырғыдай, биыл да пандемияға байланысты олар ресми рәсімдер өткізбеуге шешім қабылдады. Құттықтаудың теледидарлық нұсқасы жергілікті арналардың эфирінен көрсетілді.

– Кез-келген қоғамның, кез-келген мемлекеттің дамуының негізі, ең алдымен, дені сау ұлт. Сіздердің халықтың денсаулығын нығайтуға және сақтауға қосқан үлесіңіз бағалауға лайық. Пандемияның ең қиын кезеңінде сіздер жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлікті, таңдалған іске деген адалдықты айқын көрсеттіңіздер, – деп аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мерекемен құттықтай келе, дәрігерлерге атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. – Облыста сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді алу үшін жағдайлар жасалды. Біз бірлескен күш-жігермен барлық қиындықтарды жеңетінімізге және денсаулық сақтау жүйесінің міндеттерін ойдағыдай орындайтынымызға сенімдімін.

Телерәсімге түсірілім тек Қарағандыда ғана емес, сонымен бірге Нұр-Сұлтан мен Алматыда да жүргізілді. Жеңімпаздардың есімдері жазылған конверттер ашылып, әріптестерін танымал денсаулық сақтау қызметкерлері: академик Тельман Сейсембеков, профессорлар Төрегелді Шарманов, Болатбек Баймаханов, Төлебай Рахыпбеков және басқалар құттықтады.

Музыкалық тосынсыйлар да болды. Дәрігерлер өз кәсібіне арналған әндер орындады.

Жеті номинация бойынша байқау жеңімпаздарына 500 мың теңге сыйақы берілді.

«Мамандығына адалдығы үшін» арнайы сыйлығының және миллион теңгенің сертификатының иегері 77 жастағы дәрігер-травматолог Тұрсын Нұрғалиев болды. Ол медицинада жарты ғасыр бойы жұмыс істейді. Қазір ол Саран қаласындағы орталық ауруханада жұмыс істейді. Оны әріптестері өзінің кәсіби деңгейін үнемі көтеріп отыратын тәжірибелі маман ретінде құрметтейді.

2021 жылғы облыс әкімі сыйлығының иегерлері:

— «Үздік акушер-гинеколог» номинациясы бойынша – Александра Десятиченко, Теміртау қаласындағы ана мен балаға арналған көпсалалы орталық;

— «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» – Мақпал Рахимова, Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасы;

— «Үздік педиатр» – балалар невропатологы Бақыт Досжанова, Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасы;

— «Үздік терапевт» – Гүлнара Ақаева, Шахтинск қаласындағы орталық аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі;

— «Үздік хирург» – Франц Галицкий, Облыстық клиникалық аурухананың қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі;

— «Үздік орта медициналық қызметкер» – Марияш Салимова, Облыстық клиникалық аурухананың мейірбике-анестезиологы;

— «Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» – Дмитрий Чернов, Қарағанды қаласындағы №1 көпсалалы аурухананың директоры.

Қазақстандағы медицина қызметкерлері күні жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау қызметкерлеріне сыйлығы 2006 жылы бекітілген.