«Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ кепілі»: Сәтбаевта құқықтық форум өтті

Сәтбаев қаласында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақ кепілі» атты қалалық форум өтті. Жиынға білім беру ұйымдарының 600-ге жуық 9–11-сынып оқушысы, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Форум қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шарада Ұлытау облысы прокурорының аға көмекшісі Шырын Қанаятова, Сәтбаев қаласы прокурорының орынбасары Мейіржан Тельманов, қала әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Амангелді Құрақбай және қалалық полиция бөлімінің өкілдері сөз сөйледі.

Олар заң талаптарын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы маңызы талқыланып, заңға құрметпен қарау қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі екені аталып өтті.

Форум барысында қатысушылар назарына құқықтық тақырыптағы үгіт-насихат тобының қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар Kahoot платформасында интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, оқушылар құқық саласындағы білімдерін тексеріп, өзара сайысқа түсті.

Іс-шара бағдарламасы патриоттық әндермен толықтырылды.

Форум жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталды.