Бұл газетте мен де қызмет еттім
Біздер, аға буын өкілдері, аудандық «Ұлытау өңірі» газетін (ол кезде газет осылай аталатын. Автор) «қарашаңырақ», «алтын ұя» деп бар шын ниетімізбен мақтан етеміз. Өйтпегенде ше, біз де осы газетте штаттан тыс тілші болып, қалам тербеген едік…
Қазір бәрі өткен шақ, бағасыздау көрінгенімен газет сөзінің бұқараға арқа сүйер болғаны шындық. 80 жылдың ішінде заманның күйдіретін ыстығы да, тоңдыратын суығы да жетіп жатты. Ал сол қатал кезеңдерде бұқара газетке, журналистке жүгінді. Газет журналистерін «ақты ақ, қараны қара» деп айтатын адал жүректілер деп бағалады. Шынында журналистер халыққа адал қызмет ету парызымыз деп түсінді. Әділетсіздік пен жағымпаздыққа, енжарлыққа қарсы әрдайым «майдан» ашты, қаймыққан жоқ, сынды өрістетті, ақыл-кеңестерін де аяп қалмады. Арада өткен 80 жыл сол істің куәсі іспетті. Бұл — тарих.
Әрине, мен газеттің алғашқы жылдары жайлы толық білемін дей алмаймын. Десек те, 1972 жылдан бергі «Ұлытау өңірі» газетімен тығыз байланыста болдым. Әуелде газеттің Аманкелді совхозындағы штаттан тыс тілшісі болып, ауыл өмірі, экономикалық өсу-өркендеуі, ауыл шаруашылығының сан салалы науқандары жайлы жиі жазып тұрдым. Кейін, аудан орталығында әртүрлі қызметтерде жүріп те газеттен қол үзгенім жоқ. Қазірдің өзінде «Ұлытау» газетіне жиі келіп, ой бөлісіп тұрамын.
Жақия САДЫҚОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.