Қарағанды – Жезқазған автожолында 2,2 млн текше метрден астам топырақ төсеу жұмыстары орындалды
Ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды – Жезқазған» автожолының құрылысы қарқын алып келеді. Бүгінге дейін 140,8 шақырымда топырақтың құнарлы қабаты алынып, 2,285 млн текше метр жер төсемінің үйіндісі төселді. Құрылысқа 450 жол-құрылыс техникасы мен 676 маман жұмылдырылған.


Қарағанды және Ұлытау облыстарын байланыстыратын жаңа жол 448–905-шақырымдар аралығында салынып жатыр. Жоба бойынша II техникалық санаттағы автомобиль жолы салынады.


Қазір негізгі күш жол негізін дайындауға және жер төсемін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар геодезиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп, ұңғымалар бұрғылануда, жолдың осі белгіленуде. Топырақтың құнарлы қабаты алынған аумақтың жалпы көлемі 6,8 млн шаршы метрден асады.


Құрылыс алаңдарында өндірістік базалар мен вахталық қалашықтарды жабдықтау, топырақ және тас карьерлерін дайындау жұмыстары да жалғасуда. Қажетті құрылыс материалдары әзірленіп, нысанға жеткізіліп жатыр. Жекелеген бөліктер дайын болған сайын құрылыс-монтаж жұмыстарының ауқымы кеңейіп келеді.

«Қарағанды – Жезқазған» автожолының құрылысы – Орталық Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін екі өңір арасындағы сапар уақыты қысқарып, қозғалыс қауіпсіздігі артады. Сондай-ақ Қарағанды және Ұлытау облыстарының көлік байланысы жақсарады.
