Ұстаздық жолы — ұлағаттың үлгісі
Адам өмірінде жүріп өткен жолдың мәні мен маңызы еңбегімен өлшенеді. Ал ұстаздың ғұмыры – шәкірт жүрегіне із қалдырған жылдарымен құнды. Осындай бар саналы ғұмырын білім саласына арнаған, ауыл мектебінің дамуына өзіндік үлесін қосқан ардақты ұстаздың бірі – Тлеуова Шайзат ДҮЙСЕНҚЫЗЫ.

Шайзат Дүйсенқызы 1965 жылы Жезқазған облысы, Байқоңыр ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдап, физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Сол жылы еңбек жолын қазіргі Қоскөл ауылындағы №11 жалпы орта білім беретін мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады.Маман тапшылығына байланысты химия пәні бойынша қайта даярлаудан өтіп, екі пәнді қатар жүргізіп келеді. 37 жылдық еңбек өтілі ішінде ол қарапайым мұғалімнен әдістемелік бірлестік жетекшісіне дейінгі жолдан өтіп, 2009 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Педагог-модератор санатын иеленген ұстаз өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына да үлкен қолдау көрсетіп келеді.
Шайзат Дүйсенқызы үшін ұстаздық – тек мамандық емес, жүрек қалауы. Ол ұстаз бойындағы адамгершілік, мейірімділік пен жауапкершілікті жоғары бағалайды. Сабақ барысында әр оқушыға қолдау көрсету, шәкірттің қабілетін ашу, білімге деген қызығушылығын арттыру – оның педагогикалық ұстанымдарының бірі.
Шалғай ауылдағы шағын жинақты мектептің өзіндік ерекшеліктерін жетік меңгерген ұстаз бұл бағытта облыстық және республикалық деңгейдегі вебинарларға қатысып, тәжірибесімен бөлісті. «Шағын жинақты мектепте оқытуды ұйымдастыру», «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» бағыттарында әдістемелік жұмыстар жүргізіп, білім беру үдерісін жетілдіруге өз үлесін қосты.
Ұстаздың еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен де бағаланып келеді. «Шағын жинақты мектептің үздік педагогы», «Құрмет грамотасы», «Алғыс хат» секілді марапаттар – оның көп жылғы еңбегінің жемісі. Сонымен қатар республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ғылыми-әдістемелік мақалалары жарық көрді.
Шайзат Дүйсенқызының шәкірттері де ұстазының еңбегін ақтап, түрлі білім сайыстарында биіктерден көрінді. Математика пәнінен «Кенгуру», «Мен математика жұлдызымын», «Жас математик» сияқты байқауларда жеңімпаздар дайындауы – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.
Ұстаздың зерттеушілік ізденісі де назардан тыс қалған жоқ. «Педагогикалық мониторинг» мақаласы «Үздік зерттеуші ұстаз» номинациясымен І дәрежелі дипломға лайық деп танылды.
Еңбек еленбей қалған жоқ. Шайзат Дүйсенқызы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен «Халық алғысы» медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ұстаздық – ұлы жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті 37 жыл бойы абыроймен арқалап, туған ауылындағы білім ордасының дамуына үлес қосу – үлкен еңбек. Шайзат Дүйсенқызының ғибратты ғұмыры – ауыл мектебіне адал қызмет етудің, шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие берудің жарқын үлгісі.
Ұстаз еңбегі – ұрпақ жадында қалатын із. Ал Шайзат Дүйсенқызының ұстаздық жолы – сол өшпес іздің айқын көрінісі.
Гүлсара ИСКАКОВА.
Қоскөл ауылы.
