Ұлытау облысының медицина флагмандары: 2026 жылғы байқау жеңімпаздары анықталды
Ұлытау облысында медициналық ұйымдар арасында өткен «Медициналық көмек флагманы — 2026» байқауының жеңімпаздары анықталды. Ауқымды іс-шара «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ құрылғанына 10 жыл толуына орайластырылды.

Байқау 2026 жылғы 1 мамырдан 1 тамызға дейін өтті. Оған Қормен шарт жасасқан облыстың 32 медициналық ұйымы қатысты.
Биыл байқау жаңартылған форматта өткізілді. Медициналық ұйымдардың қызметін бағалау кезінде медициналық көмек көрсету сапасын ғана емес, басқару тиімділігін де көрсететін бірқатар көрсеткіштер ескерілді. Негізгі критерийлер қатарында — қаржылық тұрақтылық пен тәртіп, халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысының деңгейі, Қорға түскен өтініштер мен шағымдар санының динамикасы, Пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі сараптаманың жұмыс тиімділігі, сондай-ақ медициналық ұйымдардың «Qalqan» ақпараттық жүйесіндегі белсенділігі қарастырылды.
Кешенді бағалау қорытындысы бойынша екі бағыт бойынша жоғары нәтиже көрсеткен медициналық ұйымдар байқау жеңімпаздары атанды.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативтік-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсету бағыты бойынша жеңімпаз болып «Хорлан» ЖШС танылды.
Стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайда медициналық көмек көрсету бағыты бойынша жеңімпаз атанған «Жайрем кентінің ауруханасы» КМҚК.
«Медициналық көмек флагманы — 2026» байқауы тек қорытынды шығару алаңы ғана емес, сонымен қатар медициналық көмектің сапасына, тиімді басқаруға және пациенттермен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлетін медициналық ұйымдарды атап өту мүмкіндігіне де айналды.
Байқаудың маңызды бағыттарының бірі — озық тәжірибелерді таратып, пациентке бағдарланған тәсілді нығайту болды. Себебі әрбір сан, әрбір көрсеткіш пен әрбір бағаның артында ең бастысы — өңір тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқаты тұр.
Жеңімпаздарға естелік кубоктар мен дипломдарды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Ұлытау облысы бойынша филиал директоры Утельбаев Асет Амангельдыұлы табыс етті. Ол медициналық ұйымдар ұжымдарын лайықты жеңіспен құттықтап, олардың өңір денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сөз сөйлеу барысында директор медицина қызметкерлеріне одан әрі табыс, жаңа кәсіби жетістіктер және халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету жолындағы тиімді жұмыс тіледі.
Іс-шара Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының және «SENIM» кәсіподағының аймақтық филиалының қолдауымен өтті.
«Медициналық көмек флагманы — 2026» байқауы жұмысты үздіксіз жетілдіру, пациенттерге жауапкершілікпен қарау және жоғары стандарттарға ұмтылу қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөліктері екенін тағы да көрсетті.
