Басты бағдар – бұқараның әл-ауқатының артуы

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласын дамыту мәселелері бойынша кезекті көшпелі жиын өткізді. Жиын барысында өңір басшысы облыс орталығын дамытудың басым бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, білім беру, жол инфрақұрылымы және абаттандыру салаларындағы өзекті мәселелерді жедел шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, қаланың Батыс ауданында құрылысы басталған жаңа емхананы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін қазірден бастап шешу қажеттігін атап өтті. Нысанның құрылысы келесі жылы белгіленген мерзімде толық аяқталып, оны пайдалануға беруге ешқандай кедергі болмауы тиіс.

Өңір басшысы сондай-ақ қалада жеке тұрған көпбейінді балалар ауруханасының болуы қажеттігін атап өтіп, осы бағытта нақты ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.

Білім беру саласында облыс әкімі биыл BINOM мектебі мен Батыс ауданындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылысын бастап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, аталған нысандар пайдалануға берілген жағдайда, қаладағы білім беру ұйымдарындағы орындарға деген қазіргі қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді.

Жиында Жезқазғанның сәулеттік келбеті мен қалалық ортасын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Есет Байкен қаланы одан әрі дамыту барысында бірыңғай сәулеттік стиль мен өзіндік «қала тілін» қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте тек жаңа Батыс ауданын дамытуға ғана басымдық бермей, қаланың қалыптасқан бөліктерін де кешенді түрде абаттандыруға және дамытуға көңіл бөлу маңызды. Жезқазған біртұтас әрі үйлесімді дамуы тиіс.

Сонымен қатар өңір басшысы қалада жүзеге асырылатын әрбір ірі жобаның өзіндік тұжырымдамасы мен символикалық мәні болуы керектігін атап өтті. Архитектуралық шешімдер қаланың тарихын, ерекшелігін және даму жолындағы ұмтылысын бейнелеп, Жезқазғанның танымал әрі өзіндік келбетін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.

  • Бұдан бөлек, облыс әкімі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау және олардың жобаларын жүзеге асыру барысында қандай да бір кедергілерге жол бермеу қажеттігін ерекше атап өтті.