Егін алқабындағы еңбек: науқанға дайындық пысықталды

Ұлытаудың ұлан-ғайыр даласында ауылдың ырысы мен елдің несібесін еселеген еңбек маусымы қызу жүріп жатыр. Сары даланың төсін дүбірге бөлеген техника, алқаптағы тынымсыз тіршілік – жыл бойғы маңдай тердің өтеуін көрер жауапты кезеңнің басталғанын аңғартады. Қуаң табиғаттың өзін қайыспай еңсеріп, ата кəсіпті арқау еткен диқан мен шаруаның еңбегі өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы үшін айрықша мəнге ие. Осы ретте егін жинау науқаны қарсаңындағы дайындық барысын пысықтап, ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Ұлытау облысының əкімі Есет БАЙКЕН Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен арнайы келді.

Ұлытау облысының əкімі Есет Байкен Ұлытау ауданына жұмыс сапары барысында егін жинау науқаны қарсаңындағы шаруалардың дайындық жұмыстарымен танысты. Сапар барысында шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігіне қанығып, фермерлермен кездесіп, саладағы өзекті мəселелер мен алдағы міндеттерді талқылады.

Облыс əкімі ең алдымен «Бекетай баба» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Қожалықтың жалпы жер көлемі 21,3 мың гектарды құрайды. Оның 14,8 мың гектары жайылымдық жер болса, 5,6 мың гектарына бидай мен арпа егілген. Қазір диқан қауым үшін жылдың нəтижесін айқындайтын жауапты кезең. Көктемгі еңбек пен жаз бойғы күтімнің өтеуі – күзгі өнім. Шаруашылық биыл əр гектардан 10-14 центнер аралығында өнім алуды жоспарлап отыр.
Егістік алқаптарын аралау барысында облыс басшысы шаруашылықтың өндірістік мүмкіндіктеріне назар аударып, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттырудың маңызын атап өтті. Өйткені жердің құнары мен шаруаның маңдай тері ұштасқанда ғана еңбек нəтижесі еселене түседі.
Сапардың келесі бағыты – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруалармен ашық пікір алмасу болды. Есет Байкен өңірдегі 20-дан астам шаруа қожалығының жетекшілерімен кездесіп, олардың ұсыныстары мен мəселелерін тыңдады. Басқосуда ауыл шаруашылығы мен агроөнеркəсіп кешенінің өңір экономикасын əртараптандырудағы орны кеңінен сөз болды.

Бүгінде ауыл шаруашылығы – тек ауыл халқының əл-ауқатына əсер ететін сала ғана емес, өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан оның əлеуетін арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту, еңбек өнімділігін көтеру жəне шаруалардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасау – уақыт талабы.
Кездесуде мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін шаруаларға барынша түсінікті əрі қолжетімді түрде жеткізу қажеттігіне де баса назар аударылды. Мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпараттың қолжетімді болуы шаруалардың өз кəсібін кеңейтіп, жаңа жобаларды қолға алуына жол ашатыны анық. Осы орайда шағын шаруа қожалықтарына көрсетілетін қолдауды күшейтудің маңызы ерекше.
Сонымен қатар жер учаскелерін тиімді пайдалану, мемлекеттік қолдау қаражатының нақты мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз ету мəселелері де назардан тыс қалған жоқ. Өйткені ауыл шаруашылығына бөлінген əр теңге мен əр гектар жер нақты нəтижеге жұмыс істеуі керек.
Жиында мал шаруашылығын дамытуға қажетті жемшөп базасын нығайту мəселесі де көтерілді. Ұлытау өңірінде төрт түлік өсіру дəстүрі қалыптасқанын ескерсек, мал азығының жеткілікті болуы – шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі. Осыған байланысты жемшөп қорын қалыптастыру, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, егін алқаптарының өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар туралы да айтылды.
Шаруалар өз кезегінде шаруашылықтарының қазіргі жағдайы, алдарында тұрған міндеттер мен шешімін күткен мəселелер жөнінде ойларын ортаға салды. Бірі өндірісті кеңейтуге ниетті болса, енді бірі қолданыстағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Басқосуға қаржы институттары мен агросалаға қолдау көрсетіп жүрген компаниялардың өкілдері де қатысты. Олар шаруаларға мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері мен ауыл шаруашылығы жобаларын қолдаудың қолданыстағы тетіктері жөнінде ақпарат берді. Бұл өз кезегінде шаруалардың қажетті ақпаратты бір жерден алып, өз кəсіптерін дамытуға бағытталған нақты қадамдарды айқындауына мүмкіндік береді.
Кездесуде айтылған маңызды мəселелердің бірі – ауыл шаруашылығында сан қуалаудан гөрі сапаға басымдық беру. Облыс əкімі өндіріс көлемін арттырумен қатар, алынған өнімнің сапасы мен бəсекеге қабілеттілігіне назар аудару қажеттігін атап өтті. Себебі бүгінгі нарықта өнімнің көп болуы жеткіліксіз, оның сапасы жоғары, сұранысқа ие əрі тұтынушыға қолжетімді болуы маңызды.
Өңір басшысы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мəселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Ұлытау облысы тұтынатын азық-түліктің 60-70 пайызын өз өндірісі есебінен қамтамасыз етуге ұмтылуы қажет. Бұл – бір жағынан жергілікті шаруалардың өнімін көбейтуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан өңір тұрғындарын сапалы азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашады.
Жер – берекенің бастауы. Ал сол жердің қадірін біліп, несібесін терген шаруа еңбегі – елдің ырысын еселейтін күш. Сондықтан Ұлытау даласындағы ауыл шаруашылығының əлеуетін арттыру, шаруаларға қолайлы жағдай жасау жəне əрбір өндірістік мүмкіндікті тиімді пайдалану – ортақ міндет.
Егіннің бітік шығуы – диқан үшін ғана емес, тұтас ел үшін қуаныш. Өйткені қырдағы əр масақтың сыбдыры, жайылымдағы əр түліктің көбейгені – ауылдағы еңбектің, елдегі берекенің белгісі. Осы ретте өңірдегі ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Альмира ОСПАН.