Балаларды қолдау, мектептердегі тамақтану және жоғары оқу орындарының дайындығы: Олжас Бектенов оқу жылының басталуына қарай тапсырма берді

Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр мұқтаж отбасыларды мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Ол үшін жергілікті бюджеттерде қажетті қаражат көзделген. Бұл 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға берілуін қамтамасыз етіп, әрбір нақты жағдай бойынша уақтылы шаралар қабылдауды тапсырамын»,

— деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министр балалардың жан-жақты дамуы мен табысты білім алуы мектептердегі сапалы әрі дұрыс тамақтандыруға да байланысты екенін атап өтті.

«Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері өнімдердің сапасы мен санитариялық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауға алсын»,

— деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ оқу жылының басталуына қарай колледждер мен университеттердің инфрақұрылымын, жатақханаларды және оқыту бағдарламаларын талапқа сай дайындауды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, тамыз айының соңына дейін оқу жылының басталуына толық дайындықты қамтамасыз ету тапсырылды.

Жалпы үйлестіру Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.