Алтын Орданың ізі, Ұлытаудың үні: Астанада ерекше көрме басталды

Астана төрінде Ұлытау облысының өнерпаздары мен қолөнер шеберлері өз туындыларын тарту етуде. «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер» тақырыбында Creative Aimaq hub алаңында өтіп жатыр.

Көрме аясында Ұлытау облысынан келген 60-қа жуық шебер ағаштан, былғарыдан, керамика мен киізден жасалған қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, этно-сән топтамалары мен құрақ көрпелерін паш етуде.
Қонақтар былғары өңдеу, ағаш ою, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ұсталық өнер сияқты дәстүрлі кәсіптердің қыр-сырын таныстыратын шеберлік сабақтарна қатыса алады. Сонымен қатар қолөнерші, суретші және дизайнерлермен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, ұлттық өнердің бүгінгі даму бағыттары кеңінен таныстырылуда.
Кешкі бағдарламада жезқазғандық Jezz Acoustic Band тобының концертімен жалғасады.
Жоба отандық қолөнер шеберлерін, дизайнерлер мен суретшілерді, шығармашылық кәсіпкерлерді қолдауға, сондай-ақ Made in Kazakhstan ұлттық брендін дамытуға бағытталған.
Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатқан көрмеде Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасы заманауи дизайн, қолөнер, этно-сән және цифрлық технологиялар арқылы таныстырылуда.
Көрме барысында шеберлер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, басқа өңірлерден келген кәсіпкерлермен жаңа серіктестік байланыстар орнатып, болашақ бірлескен жобаларды талқылап жатыр.
Көрмеде ұлттық қолөнер бұйымдарымен қатар креативті индустрияның жаңа бағыттары да ұсынылған. Атап айтқанда, Ұлытаудан келген IT саласының өкілдері өңірдің табиғаты, тарихы мен салт-дәстүрін таныстыратын цифрлық жобалар мен мультимедиалық жұмыстарын көпшілік назарына шығарды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар өңірдегі шығармашылық индустрияның дамуына серпін беріп, қазақстандық өнімдерді кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.