Су қауіпсіздігі – тұрақты бақылауда

Қазақстанда су ресурстарын тиімді басқару және гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Ұлытау» филиалы өңірдегі стратегиялық маңызы бар су нысандарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп отыр.

Бүгінде филиал Кеңгір, Жезді және Ақтасты су қоймаларына қызмет көрсетеді. Бұл нысандар Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын, өндіріс орындарын және өзге де тұтынушыларды сумен қамтуда маңызды орын алады. Сондықтан су қоймаларының техникалық жай-күйін бақылау, олардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету және уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу – кәсіпорын қызметінің басым бағыттарының бірі.
Филиал мамандары гидротехникалық құрылыстарды тәулік бойы бақылап, жоспарлы техникалық тексерулер мен профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізеді. Әсіресе көктемгі су тасқыны кезеңінде су қабылдау, су жіберу және су көлемін реттеу шаралары күшейтілген режимде ұйымдастырылады.
«Қазсушар» РМК «Ұлытау» филиалының директоры Болатбек Әбсәліковтің айтуынша, жерүсті су ресурстарын тиімді басқару – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты тетігі.
– Біз гидротехникалық құрылыстардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Жерүсті су ағынын реттеу, су тасқыны кезінде қауіпсіз су өткізу және нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету – күнделікті атқарылатын негізгі міндеттеріміздің қатарында, – дейді филиал директоры.
Соңғы жылдары өңірдегі су инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2026 жылы Кеңгір, Жезді және Ақтасты су қоймаларында кешенді техникалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Зерттеу барысында гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайы, су айдындарындағы шөгінділердің көлемі және басқа да маңызды көрсеткіштер жан-жақты сараланады. Алынған мәліметтер алдағы уақытта су қоймаларын тиімді пайдалану мен жаңғырту жұмыстарының нақты жоспарын әзірлеуге негіз болады.
Қазіргі уақытта Кеңгір су қоймасында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында гидротехникалық құрылыстардың жекелеген бөліктері тазартылып, құрғату жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 140 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сонымен қатар бұрын ұзақ уақыт жүргізілмеген кешенді зерттеу жұмыстары қайта қолға алынды. Арнайы мамандар үш су қоймасының техникалық параметрлерін, түбіндегі шөгінділердің қалыңдығын және жалпы пайдалану жағдайын зерттеуде. Мұндай жұмыстар су қоймаларының қызмет ету мерзімін ұзартуға және оларды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді.
Бүгінде өңірдегі су қоймаларындағы су көлемі қалыпты деңгейде сақталып отыр. Кеңгір су қоймасы 92 пайызға, Жезді су қоймасы 88 пайызға, ал Ақтасты су қоймасы 27 пайызға толған. Бұл қолданыстағы су пайдалану режимін сақтауға және тұрғындар мен өндіріс орындарының қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Салада материалдық-техникалық базаны нығайтумен қатар, кадрлық әлеуетті арттыруға да басымдық берілуде. Су шаруашылығы жүйесінің тиімділігі білікті инженерлер мен жас мамандардың кәсіби даярлығына тікелей байланысты.
Жалпы, өңірдегі стратегиялық су қоймаларында атқарылып жатқан жұмыстар гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттыруға, су ресурстарын тиімді басқаруға және ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.