Жас спортшылар жеңісі

Ұлытау ауданының жас спортшылары облыстық деңгейдегі кезекті жарыста жоғары нәтижелер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты. Сәтбаев қаласында өткен облыстық аула спорты спартакиадасында жерлестеріміз спорттың бірнеше түрінен жүлделі орындарға ие болып, командалық есепте де үздіктер қатарынан көрінді.

Облыстық спартакиаданы Сәтбаев қаласының Спортты дамыту орталығы ұйымдастырды. Бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға бағытталған жарысқа Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау және Жаңаарқа ауданының 2010–2012 жылы туған жасөспірімдері қатысып, бірнеше спорт түрінен өзара бақ сынады. Бағдарламаға қыздар арасында волейбол, ұлдар арасында футбол, сондай-ақ, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, кір тасын көтеру, қол күрес және арқан тартыс енгізілді. Бұл спорт түрлері жасөспірімдердің дене дайындығын ғана емес, төзімділігі мен ептілігін, ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Спартакиада барысында Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері өздерінің жақсы дайындықтарын дәлелдеп, бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан аудан құрамасы командалық есепте үшінші орынды иеленсе, қыздар арасындағы волейболдан және ұлдар арасындағы футболдан күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, бес асықтан да командалық екінші орынға ие болды.
Ал, арқан тартыс сайысында Ұлытау ауданының құрамасы қарсыластарына дес бермей, үздік өнер көрсетіп, командалық бірінші орынды жеңіп алды. Бұл нәтиже спортшылардың ұйымшылдығы мен күш-жігерінің жемісі болды.
Жеке спорт түрлерінде де аудан намысын қорғаған жастар табысты өнер көрсетті. Кір тасын көтеруден екі жас деңгейі бойынша спортшылар 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Осындай нәтижеге қол күрестен де қол жеткізіліп, ұлытаулық спортшылар 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медальды қоржынға салды.
Бұл жетістіктер Ұлытау ауданында бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі екенін аңғартады. Жас спортшылардың аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде алған сапалы дайындығы облыстық деңгейдегі додада өз жемісін беріп отыр.
Осындай жарыстар жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында жеңіске деген жігерді, жауапкершілік пен командалық рухты қалыптастырады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу арқылы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметі де нығая түседі.
Сәтбаев қаласында өткен облыстық аула спорты спартакиадасында жоғары нәтиже көрсеткен Ұлытау ауданының жас спортшылары мен олардың жаттықтырушылары қандай құрметке де лайық. Жас өрендердің бүгінгі жеңісі – аудан спортының дамып келе жатқанын айқын дәлелдейтін табыс. Алдағы республикалық және облыстық жарыстарда да ұлытаулық жас спортшылардың жеңісті жолы жалғасын табады деген сенім мол.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.