Жасыл болашаққа жасалған қадам
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ерекше экологиялық іс-шара өтті. Табиғатқа жанашырлық пен жауапкершілікті дәріптеуге бағытталған шарада бір жыл бұрын егілген қарағай тұқымдарынан өсіп шыққан жас көшеттер арнайы әзірленген орындарға отырғызылды.

Аталған бастама 2025 жылдың қаңтар айында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен №1 тірек мектебінің «Жас орманшы» қауымдастығы мүшелерінің бірлескен еңбегімен бастау алған болатын.
Сол кезде егілген кәдімгі қарағай тұқымдары бүгінгі күні тамырын бекітіп, жас көшеттерге айналды.
Жас көшеттерді табиғи ортаға отырғызу барысында оқушылар мен парк қызметкерлері табиғатты қорғау ісінің маңыздылығын тағы бір мәрте сезініп, қоршаған ортаға қамқорлық танытты.
Бұл шара жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және туған өлкенің жасыл желегін көбейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Кеше ғана тұқым болып жерге түскен дәннің бүгін көшетке айналуы – табандылық пен бірлескен еңбектің нәтижесі.
Осындай игі бастамалар арқылы жас буын табиғатты аялауды үйреніп, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын терең түсінеді.
Табиғатты қорғау – болашаққа жасалған инвестиция.
Бүгін отырғызылған әрбір көшет ертеңгі жасыл орманның негізін қалайды.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ.
