Аттанды сайысқа, мақсаты – тек жеңіс
Ертең облыс орталығы Жезқазған қаласында Ұлытау облысының барлық деңгейдегі мәслихаттарының (облыстық, қалалық, аудандық) депутаттары, аппарат қызметкерлері мен қоғамдық кеңес мүшелері арасында IV облыстық спартакиада жалауын көтереді. Бүгін Жаңаарқа ауданы халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелерінен жасақталған командасын салтанатты жағдайда шығарып салды.

Төртінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода өкілетті орган қызметкерлері мен депутаттар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамытуды мақсат етеді. Сонымен, Жаңаарқада Мемлекеттік рәміздер күні осындай салтанатты шарамен бастау алды.
Баршаға белгілі, Жаңаарқа – ежелден өнер жұлдыздарымен және спорт сайыпқырандарымен даңқы шыққан өңір. Дәл осы спартакиаданың алғашқы үшеуінде де үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінгені тағы бар.
Аудан құрамасының Мемлекеттік рәміздер мерекесі күні сапарға шыққанын жақсы ырымға баладық. Жаңаарқа жұртшылығы жерлестерімізді Азаттық айбарына, Тәуілсіздік тұғырына айналған Мемлекеттік рәміздерге деген патриоттық сезімдері мен құрметтерін тамаша жеңісімен дәлелдейді деген сеніммен шығарып салды.
Жанкүйерлер жүрегінде «Жеңіс туын желбіретіп оралыңдар, жерлестер!» деген асқақ рухқа құндақталған тілек тұрғанын айқын аңғаруға болады.
Команданы шығарып салу салтанатында аудан әкімі Қанат Қожықаев, ардагерлер Бейбіт Қасенов пен Мағауия Әбілжанов ізгі ниетін білдіріп, сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандарға ақ жол, сәт сапар тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғаны белгілі. Бұл бағытта біздің Жаңаарқа ауданында да ілкімді істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінен жасақталған бүгінгі команда – осындай жұмыстардың нәтижесі. Жерлестеріміз аудан намысын абыроймен қорғап, жеңіс жалауын биіктен желбіретіп оралсын! Ақ жол, сәт сапар! – деді аудан әкімі Қанат Шубайұлы өзінің ақжарма тілегінде.
Мағауия ақсақал қазақы дәстүрмен алақан жайып батасын бергеннен кейін, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Асанұлы бастаған аудан командасы жолға шықты. Айтпақшы, командаға бірыңғай спорттық форма тіктірген. Сұңқардай сұрыпталып, қырандай бапталған Жаңаарқа командасы алдағы байрақты бәсекеде тек бірдей киінген формасымен ғана емес, табандылықпен өнер көрсетіп, жігер танытады деген сенім мол.
Жарыс жолында сүрінбей, жеңіс тұғырынан көрініңіздер, Жаңаарқа жампоздары!
Нұргүл ШАМАЕВА,
ulytaunews.kz сайтының әкімшісі.
