Жас құтқарушылар сынға түсті

Жуырда Жезқазған қаласында облыстық «Жас құтқарушылар» слеті өтті.

Аталған шараның мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, төтенше жағдай қаупі төнген кезде жеке және ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы, жауапты қалыптастыру. Сондай-ақ, жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру болды. Слетті Ұлытау облыстық Төтенше жағдайлар басқармасы ұйымдастырды. Оған әр аудан-қалалардан 40 оқушы қатысты.
Слет барысында қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша бақ сынасты. Сайыста алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі ережелері, төтенше жағдайлар кезіндегі шұғыл әрекеттер және спорттық негізде өз шеберліктерін көрсетті.
Жарыс нәтижесінде, Ұлытау ауданының №1 мектеп оқушылары жүлделі екінші орынға иеленіп, арнайы дипломдармен марапатталып, 70 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Бұл марапаттарды Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров табыс етіп, оқушылардың жетекшісі Жандос Қапетке алғысын білдірді. Сөз соңында департамент бастығы №1 Ұлытау тірек мектебі оқушыларының қауіпсіздік саласына деген қызығушылығы мен белсенділігін айрықша атап өтті.
Осындай тағылымы мол шаралар жас ұрпақтың жауапкершілігін арттырып, кез келген төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуіне үлкен септігін тигізері анық.

Өз тілшімізден.