Полиция саласында тағылымдамадан өтті

Ұлытау ауданы №1 тірек мектебінің 9–10 сынып оқушылары мемлекеттік қызметке, соның ішінде полиция саласына қызығушылық танытып, Ұлытау ауданы полиция бөлімінде 5 күндік тағылымдамадан өтті.

Оқушылардың тәжірибелік оқу бағдарламасы кезең-кезеңімен ұйымдастырылды. Әуелі олар тергеу бөлімі, криминалдық полиция, учаскелік полиция инспекторлары, кезекші бөлім және патрульдік полиция топтарының қызметімен танысты. Келесі күні іс қағаздарын жүргізу тәртібімен танысып, құжаттаманың маңызын түсінді. Үшінші күні полиция саласында көп жыл еңбек еткен тәжірибелі қызметкерлермен сұхбат өткізіп, олардың өмірлік және қызметтік тәжірибесінен тағылым алды.
Тағылымдаманың соңғы екі күнінде оқушылар полиция қызметкерлерінің арнайы құрал-жабдықтарымен танысып, тәжірибелік сабақтарға қатысты. Тағылымдама соңында оқушылар Ұлытау ауданы полиция бөлімі атынан марапатталып, естелік сыйлықтар алды.
Кәсіби бағдар беруші педагог Бибі-Жар Дәркенбаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылған бұл тағылымдама жас ұрпақтың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруге ықпал етті.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.