Кітап – рухани өсіреді

Ұлттық кітап күніне орай, Ұлытау ауданының орталық кітапханасында «Кітапхана түні – 2026» атты мәдени-рухани кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, кітапхананың қоғамдағы рөлін арттыру, оқырмандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және кітапханаға жаңа оқырмандар тарту болды.

Кешке аудан тұрғындары, кітапхана оқырмандары, жастар, балалар және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Іс-шарада Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Жолаушыұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымды кітап күнімен құттықтады.
Мазмұнды іс-шара маңыздылығымен ерекшеленді. Әуелі кеште мереке иелері «Кітапханашылар» әнін шырқады.
Кітапхана әдіскері Сандуғаш Дюсембаева «Алмазды мозайка» қолөнер көрмесін көрермендерге таныстырды.
Бұдан кейін мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында бірқатар әндер шырқалды. Келесі кезекте кітап қорын сақтау бөлімінің комплектаторы Марина Елеуованың ұйымдастыруымен «Ескі кітаптардан жаңа өмір» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, кітапхананың оқу залында кітапханашы Бақыткүл Бейбутованың «Ретро стилдегі кітапхана» алаңында 70-80 жылдардағы әуендер шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлбақыт Қалиеваның ұйымдастыруымен балаларға арналған «Шалқан» ертегісі сахналанды.
Кітапхананың библиографы Құралай Төребайдың ұйымдастыруымен Назира Дәулетованың 100 жылдығына арналған «Руханият шырақшысы» тақырыбында слайд-көрсетілімі ұйымдастырылды. Одан кейін «Бізден сұрақ, сізден жауап» атты танымдық ойыны өткізілді. Балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлзира Әбдікарованың ұйымдастыруымен «Жыр алыбы Жамбыл» тақырыбында өлең оқу марафоны өткізілді.
Кеш соңында «BOOK VIBES» айдарында оқырмандар өздері оқыған кітаптары жайлы пікір алмасты. Оларға «Библиокафе» және «Instagram photo zone» алаңдары өз деңгейінде қызмет көрсетті. Жалпы айтқанда, қатысушылар белсенділік танытып, барлық бөлімдерге қызығушылықпен қатысты. Кеш әсерге толы, мазмұнды өтті.

Жеңіскүл ОРЫНБАЕВА,
кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің редактор-кітапханашысы.