Дүбірлі доп додасы
Аса танымал командалық ойын түрі – футболға деген балалардың қызығушылығы соңғы уақытта арта түсуде. Бүгінгі күні жас жеткіншектер арасындағы футбол ойынында алға басушылық бар. Спорттың осы түрін дамытуға футбол секциясының жаттықтырушысы Бекзат Сыздықовтың сіңірген еңбегі орасан. Оның айғағы, облыста үш жылдан бері Ұлытау ауданының жасөспірімдері футбол ойынында көш бастап тұр. Биыл да ұлытаулық жеткіншектер чемпиондық атағын сәтті қорғап қалды.

Жақында ғана «Кеңгір» футбол аренасында наурыз айында басталған теңбіл доп бәсекесі өз мәресіне жетті. Нәтижесінде, Ұлытау ауданының 2013–2014 жылдары туған жасөспірімдері чемпион санатына ілікті. Қорытынды есепте ұлытаулық жас футболшылар облыстық чемпионатта жеңімпаз атанды. Осылайша, облыс орталығында өткен ала доп ойынында жерлестеріміз жанкүйерлерге тамаша ойын өрнегін көрсетті.
Қуанышты сәтте футболшыларды аудан әкімі Аманжол Мырзабеков құттықтап, қуаныштарымен бөлісті. Әкім жасөспірімдерге ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріне берулеріне ақ жол тіледі.
Жарыс соңында жеңімпаз командаға мадақтамалар, кубок және медальдар табысталды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
