Жас дзюдошылар ерледі

Жақында Сәтбаев қаласында өткен ашық біріншілікте дзюдодан ұлытаулық жеткіншектер жүлделі орындардан көрініп, аудан халқын тағы бір қуантты.

Дүбірлі додада 2014–2015 жылдары туған спорт мектебінің жас дзюдошылары бақ сынады. Олар 23 келі салмақтан бастап, 42 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Боз кілемде асығы алшысынан түскендері іріктеліп, келесі кезеңге жолдама алып отырды. Бір қуанарлығы, ұлт ұясы Ұлытаудан қатысқан жеткіншектер боз кілемде мықтылығын танытты. Бабы мен бағы келіскен бір қыз, жеті ұл жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына ілікті. Олардың төртеуі – Әділет Бейбіттің шәкірттері. Өзгелері Есілбай Өжікеновтың қарамағында жаттыққан жасөспірімдер.
Тарқатып айтсақ, 23 келі салмақта Абылайхан Арыстан екінші орын, Аслан Төлеген бірінші орын алды. Ал 26 келіде үшінші орынды Бекжан Марат, екінші орынды Бағжан Қайырбек иеленді. 29 келіде үшінші орынды Диас Талғат иеленсе, 32 келіде үшінші орынды Ханкелді Есенқабыл иемденіп, 38 келіде үшінші орынды Нұралы Нұрғалиұлы қанағат тұтты.
Қыздар арасындағы бәсекеде Айша Марат 30 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып, турнир жеңімпазы атанды. Осылайша жас дзюдошылар ауданға олжалы оралды. Олардың жеңісі – Ұлытау ауданының абыройы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.