Тазалық – ортақ жауапкершілік

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» акциясы бұл тек табиғатты тазарту ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, сана мен ой тазалығын дәріптеу болып табылады.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаны таза ұстау мемлекеттің саясаты ғана емес, барша жұртшылықтың ортақ міндетіне айналды. Осы ретте Ұлытау ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке ауыл тұрғындары да атсалысты. Өткен аптада аудан орталығындағы Тайжан көшесі тұрғындары Серік Баймағанбетов, Жасұлан Мұсабеков, Қанат Жарасбаев тазалық акциясына қолдау көрсетіп, өз көшелерін тазалауға шықты.
Ізгілікті іске белсенді түрде сыбана кіріскен азаматтар Ералы Көпештің техникасымен тұрғын үй маңайларын күл-қоқыстан толықтай тазартты. Нәтижесінде тұрғындар бірліктің шынайы үлгісін көрсетті.
– Қоршаған ортаға деген жауапкершілік – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы борышымыз. «Таза Қазақстан» бастамасы сол жауапкершілікті тереңірек сезінуге бағыттайтын игілікті іс. Ең бастысы қарапайым тұрғындардың ішкі мәдениетін «ояту» арқылы оларды қоқысты бей-берекет тастай салудан алшақ болуға қалыптастыру. Өйткені тазалық – ортақ жауапкершілік. Сондықтан барлық тұрғындарды тазалықты сақтауға және ортақ іске белсенді түрде қатысуға шақырамыз, – дейді еңбек ардагері Серік Баймағанбетов.
Сөз соңында еңбек ардагері туған жердің тазалығы мен көркеюі әрбір азаматтың жауапкершілігінде екендігін айта келе, көше тазалығына бей-жай қарамауға үндеді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.