Берік байланыс, ортақ мүдде
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Ганмен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екі өңір арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Әсіресе, өзара тиімді әріптестікті жаңа деңгейге көтеру, бірлескен жобаларды іске асыру және іскерлік байланыстарды нығайту бағытындағы басымдықтарға ерекше мән берілді.

Тараптар өңіраралық ықпалдастықты кеңейтуге және ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға өзара дайын екендерін білдіріп, нақты бастамаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.

Сонымен қатар сапар аясында Ұлытау облысының әкімі Шэньси халықаралық сауда-экономикалық тобына (Shaanxi International Economic and TradeGroup) барып, ұйым басшылығымен кездесті. Қазіргі уақытта провинциядағы ірі мемлекеттік компанияның бірі. 80 толық еншілес және холдингтік ұйымы бар, қызметкер саны 2500-ден асады. Кездесу барысында директорлар кеңесінің төрағасы Ван Тяньсюнмен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және өзара тиімді әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Сиань қаласындағы бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандарды аралады. Заманауи өндіріс пен озық технологиялардың даму қарқынына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, әлемдік деңгейдегі электромобиль, аккумуляторлар және жаңартылатын энергия көздерін өндіруші BYD компаниясының қызметімен танысып, өндірістік әлеуеті мен инновациялық шешімдері зерделенді.

Сонымен қатар Сиань қаласындағы құрғақ порттың (логистикалық хабтың) инфрақұрылымы жан-жақты қарастырылды. Бұл нысан халықаралық сауда айналымын арттыруда және жүк тасымалын тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Атап өту керек, Шэньси провинциясы Ұлытау облысы секілді Қытай мемлекетінің орталығында орналасқан әрі логистикалық хаб жұмысы жоғары деңгейде дамыған аймақ. Кездесу барысында өңірімізде де аталған бағытты дамыту жұмыстары кеңінен талқыланды.
