Қарттар да референдумнан тыс қалмады
Жезқазған қаласындағы Кеңгір ауылдық округі №2 референдум учаскесінде дауыс беру науқаны алғашқы сәттен бастап-ақ қызу қарқын алды. Таңғы сағат 7.00-ден бері тұрғындар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасап жатыр.

Солардың қатарында 96 жастағы Егінбай Ордубаев атамыз да бар. Ол тарихи маңызы бар науқаннан шет қалмай, Кеңгір ауылдық округі №2 учаскеге келіп, азаматтық борышын орындады. Қала тұрғыны мұндай маңызды қоғамдық шараларға әрдайым белсенді қатысып келеді. Қарияның айтуынша, ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әр азаматтың бейжай қалмауы аса маңызды.

– Әрдайым ел өміріндегі маңызды шараларға қатысуға тырысамын. Бүгінгі референдум да мемлекетіміздің болашағына қатысты маңызды қадам деп ойлаймын. Сондықтан, өз таңдауымды жасап, азаматтық міндетімді орындауға келдім. Елімізде тұрақтылық пен бірлік болсын, – дейді қария. Қарияға учаске төрағасы арнайы естелік сыйлық табыстап, құрмет көрсетті.
