Аналарға құрмет көрсетті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі аясында аудан әкімінің орынбасарлары Алмат Сакипов пен Алмаз Қайырбек ауданымыздың ардақты аналарына арнайы барып, аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Олар ақ жаулықты аналардың еңбегін жоғары бағалап, құрмет көрсетті.

Ауданның дамуына зор үлес қосқан аналардың еңбегі орасан зор. Бұл күні аудан әкімінің орынбасарлары Жезді кентінің тыл ардагері Орынбасар Мырзабекова, өндіріс саласының ардагері Тыныштық Маханова, сондай-ақ, Ұлытау ауылының еңбек ардагерлері Айткүл Капарова, Үмия Сламхунова, Шолпан Досманбетова және Алмагүл Қыдырбаеваға алғыс айтып, оларға мерекелік сыйлықтар табыс етті. Бұл аналар ауданымыздың өркендеуіне зор үлес қосып, ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткен ардагерлер қатарында. Әрбір ананың өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге болып табылады. Олардың есімі ауданымыздың тарихында алтын әріптермен жазылған. Тыл ардагері Орынбасар Мырзабекова мен өндіріс саласының ардагері Тыныштық Маханова сияқты аналар өздерінің қажырлы еңбектері арқылы ауданымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал еткен. Ал, Ұлытау ауылындағы еңбек ардагерлері Айткүл Капарова, Үмия Сламхунова, Шолпан Досманбетова және Алмагүл Қыдырбаева да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, әрқашан еңбекке адалдық пен жауапкершілікпен қараған. Аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов өзінің құттықтау сөзінде: – Сіздердің адал еңбектеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі болып табылады. Біздің ауданымыздың өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы сіздер сияқты еңбекқор аналардың арқасында мүмкін болып отыр. 8 наурыз мерекесі сіздерге зор денсаулық, бақыт пен береке әкелсін! – деп ақжарма тілегін білдірді. Аналарымыз бұл көрсетілген құрметке үлкен ризашылықтарын білдіріп, ел амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
