Амал келді, жыл келді!

Елімізде наурыздың 14-і Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының басы. Бұл күнді «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп те атайды. Көрісу – үлкеннің батасын алып, кішіге ізет көрсетіп, туыс пен дос қауышып, қыстан аман шыққанын қуанышпен қарсы алатын игі дәстүрдің жарқын көрінісі.

Сонау қадым заманнан бастау алып, халқымыздың тұрмыс – салтымен біте қайнасқан ұлттық болмысымызды көрсетіп келе жатқан дәстүрлі мереке – «Көрісу» күні өзіндік ерекшелігімен құнды. Көктемнің жаршысындай болған бұл күнді қазақ халқы «Амал келді, жыл келді» деп ертеден ерекше дәріптеген. Көрісу – адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып, құшақ жая амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, тәрбиелік мәні зор мейрам ретінде әспеттеледі.
Көрісу күні әдеттегідей, жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, «Жасыңыз құтты болсын!», «Бір жасқа шығуыңызбен» деп ізгі тілектерді айтумен басталады.
Бұл күні адамдар бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріп, араздықтан арылып-татуласып, бір-біріне амандық – саулық, құт-береке тілеп, көтеріңкі көңіл күйде болады. Мерекенің негізгі мақсаты – үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау, әлсізге демеу, жарлыны жарылқау сынды ұлы қасиеттердің бастауы.
Бүгінгі күні «Көрісу» үлкен мерекеге айналып, бұқаралық сипат алуда. Бүкіл ел болып бауырмалдыққа үндейтін осы дәстүрді жаппай тойлауға көштік. Кейінгі жылдары қазақылықтың исі аңқып тұратын көрісу күні еліміздің барлық аймағында жоғары деңгейде аталып өтілуде. Өйткені, 14-ші наурыз -Ұлыстың ұлы күні. Осы күні қазақ халқы өткенге салауат айтып, жаңа күнге жоспар құрған. Қазірде ақпейіл халқымыз Көрісу күнін ерекше қастерлеп, барынша дайындалады. Әрқайсысы өздерінің ыстық пейілін, үмітпен сенімін, ізгілікті түсіністікпен көрсетуге тырысады.
Ұлыстың ұлы күнін жақсылықтың жаршысы, бақ-берекенің бастауы, ырыс пен молшылықтың арқауы деп бағалауы да сондықтан. Әріден айтсақ, Амал мерекесінің мәні – Наурызбен тамырлас, себебі бұл күн – Наурыз мерекесінің алғашқы хабаршысы. «Көрісу» күнін Мемлекет басшысы да «Амал біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі» деп бағалаған еді.
Сайып келгенде, көрісу сәттері өскелең ұрпақты адамгершілік пен имандылық қасиеттерге баулитын тәрбиелік жағы салмақтылау, тағылымы терең, ұлтымыздың дәстүрі. Ендеше, Наурыз келді, ағайын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.