«Kazkat» зауытының жұмысшылары конституциялық реформаны және алдағы референдумды қолдады
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелерінің Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған қаласындағы Kazakhmys Smelting компаниясына қарасты Kazkat зауытының алаңында кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өтті. Өңірге келген коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы туралы баяндады. Делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап келді. Сондай-ақ кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Серік Ақылбай, Қазақстанның білім беру жүйесінің қайраткері Нұрлан Дулатбеков және мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайынов қатысты.

Кәсіпорын еңбек ұжымының алдында сөз сөйлеген Аида Балаева жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаты – адам құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ қауіпсіздігі екенін атап өтті. Сонымен қатар құжатта жұмысшылардың құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілетінін айтты.

«Конституцияның өзегінде адам, оның құқықтары, бостандықтары және қауіпсіздігі тұрады. Өнеркәсіп саласы үшін еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормалар ерекше маңызды. Негізгі заң еңбек ету құқығын, қауіпсіз еңбек жағдайын және кемсітусіз әділ еңбекақы алуды бекітеді. Бұл нормалар өндірістегі жарақаттану деңгейін азайтуға және қызметкерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған. Демек, еңбек жағдайына қатысты жұмыс беруші мен мемлекеттің жауапкершілігі ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітіледі. Заң үстемдігі қағидаты орныққан елде тұрақтылық артып, тәуекелдер азаяды және ертеңгі күнге сенім күшейеді. Ал бұл өз кезегінде кәсіпорындардың дамуына және жұмысшылардың отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер береді», – деді Аида Балаева.

Кездесу барысында қатысушылар ірі өндірістік ұжымдар үшін конституциялық реформаның тек саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың күнделікті өмірімен, кәсіпорындардың тұрақтылығымен, еңбек құқықтарының қорғалуымен және ертеңгі күнге деген сеніммен тығыз байланысты шешім екенін атап өтті. Сондықтан да талқылау барысында қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ еңбекақы, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік шешімдердің болжамдылығы туралы нормаларға ерекше назар аударылды.

Кездесуде мемлекеттік-қоғамдық, ғылыми және сарапшылар қауымдастық өкілдері де сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында жаңа Конституция жобасының құқықтық маңызын, оның әділдік пен заңдылық қағидаттарын нығайтудағы рөлін, сондай-ақ референдумға азаматтардың саналы түрде қатысуының халық еркін тікелей білдіру тетігі ретіндегі маңызын атап өтті.
«1995 жылғы Конституция мүлде басқа жағдайда қабылданды. Ол кезде ел күрделі қалыптасу кезеңінен өтіп, бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп жатқан еді. Бүгінде Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Сондықтан жаңа Конституция – кездейсоқ қадам емес, қазіргі өзгерген жағдай мен дамудың жаңа міндеттеріне берілген жауап. Ең маңыздысы, жоба ашық түрде әзірленді: оған отандық ғалымдар, заңгерлер, сарапшылар қатысып, азаматтардың мыңдаған ұсынысы ескерілді. Бұл құжаттың шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін және оның мазмұны қоғам сұранысына, тарихи тәжірибеге және елдің болашағына арналған стратегиялық көзқарасқа негізделгенін көрсетеді», — деді Серік Ақылбай.
Басқа қатысушылар да жаңа Конституция жобасы қоғамның әділ нормаларға деген сұранысын, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуді, еңбек адамын қорғауды және мемлекет пен жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды көздейтінін атап өтті.
Кәсіпорын ұжымы атынан Kazkat зауытының қызметкері Алтынай Алпамысова сөз сөйлеп, еңбек адамы өндірістік механизмнің бір бөлігі ретінде емес, мемлекеттің тірегі және ең басты құндылығы ретінде қабылдануы тиіс екенін айтты.
Кездесу соңында кәсіпорын қызметкерлері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, алдағы республикалық референдумға қатысудың маңызын атап өтті.

