Құрметті аяулы аналар, ардақты арулар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді шұғылалы көктемнің жарқын мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ қоғамында әйел – отбасының берекесі, ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі. Ана мейірімі мен әйел даналығы әрбір шаңыраққа жылулық пен татулық сыйлап, қоғамымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Сіздер қай салада еңбек етсеңіздер де, кәсібилік пен жауапкершіліктің, табандылық пен парасаттың үлгісін көрсетіп келесіздер.
Ұлытау өңірінің дамуына да нәзік жандылардың қосып отырған үлесі зор. Білім, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет және басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүрген әйелдеріміз – өңіріміздің мақтанышы.
Жыл сайын облысымызда Мемлекет басшысының қолынан жоғары мемлекеттік наградаларды алып жатқан аналар мен қыз-келіншектердің саны артып келеді. Бұл – өңіріміздің нәзік жандыларының адал еңбегі мен қоғамдағы белсенді рөлінің лайықты бағаланып жатқанының айқын көрінісі.
Сіздер отбасының ұйытқысы бола отырып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға зор еңбек сіңіріп келесіздер.
Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін. Еңбектеріңіз еленіп, мерейлеріңіз әрдайым үстем болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.

