Кәсіптен кемелденген келбет
Қарашаңырақ Қарсақбай – талай еңбек адамын түлеткен қасиетті мекен. Сол топырақта туып-өсіп, адал еңбегімен елге танылған жанның бірі – Қожасова Күлзада Қасенқызы.

Күлзада Қасенқызы 1961 жылы Қарсақбай кентінде дүниеге келген. Әкесі Қасен Қожасов – елге белгілі ұста, зергер, суырыпсалма ақындығы да бар өнерлі жан болған. Темірден түйін түйген шеберлігімен қатар, сөз қадірін білетін зеректігімен де көптің құрметіне бөленген. Анасы шаңырақтың ұйытқысы болып, бала тәрбиесі мен үй шаруасына ден қойған. Осындай өнегелі отбасында өскен Күлзада жастайынан еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп ер жетті.
Еңбек жолын Қарсақбай мыс зауытында насос қондырғысының машинисі болып бастап, бір орында табан аудармай 40 жыл қызмет атқарды. Бұл – төзім мен табандылықтың, кәсібіне адалдықтың айқын көрінісі. Зауыт жұмысының ыстығы мен суығына төзіп, маңдай термен тапқан табысы арқылы отбасының берекесін арттырды.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі өндіріс орындарындағы еңбеккерлерге оңай соққан жоқ. Зауыттағы жұмыс тұрақсызданып, тұрмыс тауқыметі күшейді. Бала оқытып, отбасы асырау – үлкен жауапкершілік. Отағасы да зауытта электрик болып еңбек етті. Алайда, қос табыс күнкөріске әрең жеткен шақта, тығырықтан шығар жол іздеу қажет болды. Сол тұста, елге кәсіпкерлік енді ғана қанат жайып келе жатқан еді. Күлзада Қасенқызы да батыл қадамға барып, сауда ісіне кірісті. Алғашқы кәсібі қарапайым нәски сатудан басталды. Қалалардан тұрмысқа қажетті заттар әкеліп, ауыл тұрғындарына ұсынды. Еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында ісі алға басып, бос тұрған тұрғын үйдің бірінен шағын дүкен ашты. Осылайша, кәсіпкерлікке ден қойып, Қарсақбайдағы алғашқы кәсіпкер келіншектердің бірі атанды.
Жылдар өте келе шағын бастама іргелі кәсіпке айналды. Бүгінде Күлзада Қожасова – Қарсақбай кентіндегі маңдайалды кәсіпкерлердің қатарында. Ол тек өз шаруасын дөңгелетіп отырған жан емес, ауыл өміріне белсене араласып жүрген азаматша.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

