Жасанды интеллект дағдыларын меңгеру – заман талабы

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге арналған AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы бойынша жиын өтті.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және жұмыс процестеріне жасанды интеллект (AI) құралдарын енгізу. Басқарушылық процестерді оңтайландыру, шешім қабылдау сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігін жоғарылату мақсатында генеративтік жасанды интеллектті қолдану саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін дамыту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, әсіресе жасанды интеллект саласында бір миллион адамды оқыту қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын.
«Президент жасанды интеллект технологияларын және ауқымды мәліметтер қорын – Big Data-ны тиімді пайдалану, заманауи цифрлық технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнату жолдарын жақсарту қажеттілігін алға қойды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Өткізіліп жатқан оқытулар мемлекеттік аппарат қызметінде жаңа технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
AI-Qyzmet оқыту бағдарламасында тыңдаушылар деректерді талдау, әкімшілік процестерді автоматтандыру, шешім қабылдау және өнімділікті арттыру бағытында білімдерін жетілдіріп, жұмыс барысында дұрыс шешім қабылдау қажеттігіне дағдыланады.
AI-Qyzmet бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілерге келесі бағыттарда дағдылар үйретілді. Атап айтсақ, ақпаратты өңдеу, жоспарлау, презентациялар дайындау, заманауи тілдік модельдермен (ChatGPT секілді) жұмыс істеу, жасанды интеллект жүйелеріне бейімделу қағидаттары негізінде болды.
Оқыту Snack Learning форматы бойынша да – қысқа видеодәрістер түрінде ұсынылды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесіне ыңғайлы әрі икемді тәсіл.
Алдағы уақытта бағдарлама аясында шамамен 1200-ге жуық мемлекеттік қызметші оқытудан өтеді деп жоспарлануда.

Индира ӘДІЛХАНОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.