Асыл жандар – құрмет биігінде

Көктемнің көрікті мерекесі – Халықаралық әйелдер күнін ұлытаулықтар да жоғары деңгейде атап өтті. Мерекелік шарада жүрекжарды лебіздер әйелдер қауымына арналып, асыл жандар алқызыл гүлге оранды. Жиында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен Ахат Құрмансейітов бастаған ер азаматтар зал толы қыз-келіншектерге, әйел- аналарға гүл шоқтарын ұсынды.

Салтанатты жиынды аудан басшысы Аманжол Мырзабеков құттықтау сөзімен ашты.
– Ана өмірдің бастауы, мейірімнің бұлағы. Сіздер, еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, барлық салада абыройлы жұмыстарыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген жандарсыздар. Кешегі тарих пен бүгіннің биігіне көз тастасақ, ақжаулықты әжелеріміз бен ардақты аналарымыздың түрлі қиыншылықтарды бастан өткеріп, еңсергенін көреміз. Ауданның сан-салалы кәсібінің тұрмыс-тіршілігінің басы – қасында жүрген қыз-келіншектерге, көпбалалы аналарға ерекше құрметпен қараймыз, – деді Аманжол Батырбекұлы.
Сөз соңында аудан әкімі ҚР Президентінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы № 1164 Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналар Данагүл Айтжановаға «Алтын алқа» белгісін, Дидара Әбдрахмановаға «Күміс алқа» белгісін табыс етті.
Бұдан кейін өңір экономикасының өсуіне елеулі үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандылар құрмет биігінен көрінді. Ұлытау ауылының ардагер-ұстазы Шолпан Жалғабекова, №1 Ұлытау тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Әлиева, Жезді кенті аралас мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі Венера Еділбаева – Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ал, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болғандардың қатарында Ұлытау ұлттық паркінің қойма меңгерушісі Гауһар Әлиасқарова, Аманкелді ауылдық клуб үйінің техникалық қызмет көрсетушісі Айжан Саханова, №2 Қорғасын орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Жұматаева, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің техникалық қызмет көрсетушісі Орынбасар Көбенова, №5 Ақтас негізгі мектебінің техникалық қызмет көрсетушісі Арай Құланбаева, №6 Жезді тірек мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жанат Смағұлова, №15 Жамбыл Жабаев атындағы Қарсақбай тірек мектебінің математика пәні мұғалімі Қалыс Нұржан, аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Асылзат Жаңбыршиева, «Ұлар» бөбекжайының директоры Айнұр Байторина, Ұлытау ауданының орталық ауруханасының дәрігері Сәния Аманова бар.
Марапаттау рәсімі одан кейінде жалғастып, тағы да асыл жандар құрмет төрінен көрінді. Ұлытау ауданының Қорғаныс істері бөлімінің техникалық қызмет көрсетушісі Айсара Ержанова, №4 Қаракеңгір орта мектебінің техникалық қызмет көрсетушісі Раушан Батырбекова, Сарысу ауылының «Шубай» шаруа қожалығының қызметкері Шұға Мұханбетова, Егінді ауылының «Ерлан» шаруа қожалығының қызметкері Гүлжан Қажымағанбетова – Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл марапаттарды Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейітов құттықтау сөз сөйлеп, нәзік жандыларға табыс етті.
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» әйел – аналардың, арулардың құрметіне арналған салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.