Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына кері әсерін тигізетін, мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімді әлсірететін қауіпті әлеуметтік құбылыс. Онымен күрес – әрбір мемлекеттік органның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

«Ұлытау аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі өз қызметінде ашықтық, заңдылық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өз міндеттерін адал атқаруға, қызметтік өкілеттіктерін жеке мүдде үшін пайдаланбауға міндетті. Басқарма қызметкерлері қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Осы орайда мемлекеттік қызмет көрсету процестері ашық әрі қолжетімді түрде жүргізіледі. Азаматтардың өтініштері заңнамада белгіленген мерзімде қаралады. Қызметтік әдеп нормаларын сақтау тұрақты бақылауда. Мекемеде ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстары, семинарлар мен құқықтық оқулар ұйымдастырылып тұрады. Әрбір маман өз іс-әрекетінің заңдылығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте жазалаудан гөрі оның алдын алу әлдеқайда маңызды. Осы бағытта басқармада мүдделер қақтығысының алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің табыстары мен мүлкін декларациялау талаптарын орындау, сондай-ақ қызметтік міндеттерді адал атқару мәселелері тұрақты назарда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың белсенді ұстанымына байланысты. Қоғам тарапынан бақылау мен сенім артқан сайын, ашық әрі әділ басқару жүйесі қалыптасады.
«Ұлытау аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі алдағы уақытта да заң үстемдігін қамтамасыз етіп, адалдық пен парасаттылық қағидаттарын берік ұстанатын болады. Біздің мақсатымыз – халық сенімін ақтау, мемлекеттік қаржының тиімді әрі ашық басқарылуын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.

Мадияр ТОРҒАЕВ,
Ұлытау аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының басшысы.