Су қаупінен сақтанған жөн
Табиғаттың ерекше құбылыстарының бірі – көктемгі су тасқыны. Қыс мезгілі аяқталып, жыл сайын наурыз-сәуір айларында су тасқынына қарсы шаралар қабылданады. Сол себепті Ұлытау ауданында биылғы қыста түскен қардың молдығына байланысты көптеген үйлердің аулаларындағы қарды шығару жұмыстарын қолға алған жөн.

Ұлытау ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен техникалар көшелердің қарын тазалау үстінде. Қазіргі уақыттан бастап тұрғындар да өз үйлерінің аулаларында жатқан қарды тазалау жұмыстарын жүргізгендері дұрыс. Тұрғын үйдің жан-жағын қардан аршу жұмыстарын толық деңгейде атқару қажет.
Осы бағытта жұмыстар жүргізу керектігін Ұлытау ауданының ТЖ бөлімі ескертеді. Егер үйіңізді су басу қаупі төніп тұрса, келесідей амалдарды орындау керек. Егер сіздің аумағыңыз су тасқынынан жиі зардап шегетін болса, су басуы мүмкін жерлердің шекарасын, сондай-ақ тұрғылықты жеріңізге жақын орналасқан дөңестеу, сирек су басатын орындарды және оған баратын ең қысқа жолды алдын ала зерделеп, есте сақтаңыз.
Ондай жағдайда әуелі отбасы мүшелерін су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік ережелерімен таныстырыңыз. Су тасқыны болған кезде үйден алып шығатын құжаттар, мүлік және дәрі-дәрмектердің тізімін алдын ала жасап қойыңыз. Арнайы чемодан немесе рюкзакқа құндылықтарды, қажетті жылы киімдерді, азық-түлік қорын, су және дәрі-дәрмектерді салып дайындап қойған жөн.
Алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты осы бастан бастаған абзал. Ұлытау ауданы тұрғындарының аталған мәселеге түсіністікпен қарап, көктемгі уақытта болуы мүмкін келеңсіз жағдайларға дайын болуларын сұраймыз.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар туындаған кезде «101», «112» шұғыл қызмет телефондарына хабарласып, ақпарат беруге болатынын еске саламыз. Аталған нөмірлерге жалған хабарлама беруге немесе оларды мақсатсыз пайдалануға болмайтынын қатаң ескертеміз.
Ұлытау ауданы ТЖ бөлімі.

