«Қазақмыс» Ұлытау өңірінің дамуына 20 миллиард бөлді

Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды құжатқа қол қойылды. Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасап, оның аясында өңірге 20 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталатын болды.

Құжатқа Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Бұл келісім аймақтың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын дамытуға, сондай-ақ, инфрақұрылымды жаңғырту мен елді мекендерді абаттандыруға бағытталған.
Меморандум шеңберінде өңір үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар нысандар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, Ұлытау университетін ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге Жезқазған қаласында жаңа орталық мешіттің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сәтбаев қаласында жаңа травматологиялық пункт іске қосылады.
Жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында өңірде теңдесі жоқ «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясы» кешені 150 орындық спорт интернатымен бірге пайдалануға берілмек. Бұл – ауыл-аймақтан шыққан дарынды жас спортшыларды қолдауға бағытталған маңызды жоба.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдарға инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қолдау көрсету мақсатында сумен жабдықтау, су бұру және энергиямен қамту жүйелерін жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді.
Жалпы алғанда, бұл келісім Ұлытау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің тұрақты дамуына жол ашады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.