Жол мәселесі жолда қалмайды
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте автомобиль жолдары саласындағы құрылыс жұмыстарының жоспары, жолдарды күтіп ұстау мәселелері, сондай-ақ облыстағы туризм саласының дамуы жан-жақты қаралды.

Өңір басшысы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жедел әрі сапалы ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, мердігер ұйымдармен тікелей жұмыс жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерін жаңарту, жол сызықтарын сызу, қажетті аумақтарға жарықтандыру орнату міндеттелді. Көктемгі кезеңде су тасқынының алдын алу үшін суағарлар мен көпірлерді қардан уақытылы тазалау бойынша нақты шаралар қабылдау жүктелді.

Туризм саласына қатысты облыс әкімі атқарылған жұмыстар бар екенін атап өткенмен, инвестиция тарту қарқынын күшейту қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта төмен нәтиже көрсеткен аймақтардың жұмысы сынға алынды. Өңір басшысы облыс орталығында және Ұлытау ауданында велосипедтерді жалға беру қызметін іске қосу, глэмпинг аймақтарын ұйымдастыру жобаларын биылдан қалдырмай жүзеге асыруды тапсырды.


Сондай-ақ Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына 2026 жылға жоспарланған туристік және имидждік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, салаға инвестор тарту және оларды сүйемелдеу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру міндеттелді.

