«Мұқағали – мәңгілік жырдың биігі»

Осы тақырыпта қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби кеш Ұлытау ауданының орталық кітапханасында өтті.

Іс-шараның мақсаты – ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау, ұлттық рухты дәріптеу, жас ұрпақтың поэзияға деген қызығушылығын арттыру болды. Кеш барысында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи – қорық музейінің директоры Ғалым Оспанов Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды сөз сөйлеп, ақын мұрасының маңыздылығын айтып өтті. Бұдан кейін кітапхана оқырмандары Роза Бекетаева, Қарлығаш Абаева, Айдана Төребай, Нұргүл Мәжит, Айжан Бимағанбетовалар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Келесі кезекте Бибіжар Дәркенбаева өз шығармашылығынан Мұқағали Мақатаевқа арнаған авторлық туындысын оқыды. Сонымен қатар, Еркеназ Бегаева мен Балкен Байконова Мұқағали Мақатаевтың «Қайран қара сазым-ай», «Есіңе мені алғайсың» әндерін орындай отырып, кештің көркемдік деңгейін арттырды. 9 «А» сыныбының оқушылары заңғар ақынның жырларынан құралған лирикалық композицияны сахналады. Кітапхананың жас оқырмандары да Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, кешке белсене қатысты. Қорытындылай келе, «Мұқағали – мәңгілік жырдың биігі» атты әдеби кеш мазмұны бай, тәрбиелік мәні зор рухани іс-шара ретінде өз мақсатына толық жетті. Рухани кеш аясында ақын шығармашылығы жан-жақты насихатталып, қатысушылардың әдебиетке, поэзияға деген қызығушылығын арттырды. Іс-шара көрермендер тарапынан жоғары деңгейде бағаланып, үлкен ықыласқа ие болды.

Сәния МӘЖИТҚЫЗЫ,
Ұлытау аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы.