«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы құрылды!

Бүгін елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалицияға бірікті. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енді.

Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы Күшті әрі Әділетті Қазақстан құрудың іргетасына айналып, саяси жүйені жаңартуға, билік тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың елді басқаруға қатысуын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Парламент Мәжілісінің Төрағасы, Коалиция Жетекшісі Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция – шын мәнінде халықты біріктіруге, ұлттық рухты көтеруге қабілетті тарихи құжат. Онда ең алдымен адамға басымдық беріліп, мемлекеттің басты байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екені айқындалды. Бұл – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің алтын арқауы. Енді ол ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілуде.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституцияның маңызына тоқталды: «Қазақстан болашақта азаматтары білімді, ғылымды меңгерген, инновацияға арқа сүйеген, технологиясы дамыған елдердің қатарында болуға ұмтылатынын байқатты. Сондықтан, бұл елдің өркендеуіне жаңа серпін беретін Конституция», – деді ол.

Негізгі заң жобасы қоғаммен ашық әрі ауқымды диалог аясында әзірленді. Осы уақыт аралығында азаматтардан, сарапшылардан, кәсіби қауымдастықтардан және түрлі сала өкілдерінен 10 мың ұсыныс пен өтініш келіп түсті.

Алдағы уақытта Коалиция өңірлерде түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Себебі әрбір қазақстандық азаматтың дауысы аса маңызды.