Қазақстандық балалардың шотына 130,71 доллардан аударылды
«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында 18 жасқа толмаған әрбір қазақстандық баланың шотына 130,71 доллардан аударылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ұлттық байлықты әділ бөлу қағидатын іске асыруға бағытталған. Жастарға бастапқы тең мүмкіндіктерді беру мемлекеттің басымдыққа ие міндеттерінің бірі. Ал Ұлттық қорда жинақталған қаражат жас отандастарымызға ер жетіп, үлкен өмірдегі алғашқы қадамдарын нық сеніммен жасауға жол ашуы тиіс.
Биыл бағдарламаға 2008-2025 жылдар аралығында туған 6 918 656 бала қатысқанын айта кетейік. Осыны ескере отырып, 2026 жылы бағдарламаның аясында әр қатысушыға 130,71 доллардан аударылды.
Осы жылы 356 613 бала кәмелет жасқа толып, оларға жиынтық мөлшерінде 44,5 млн доллар аудару көзделген.
Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап оған қатысатын балалар үшін үш жылдағы (2024-2026 жылдар) инвестициялық кірісті ескере отырып, жинақталған қаражаттың жалпы сомасы әрқайсысына 370,56 доллардан келеді.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасына сәйкес жиналатын ақша өмірдегі маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге пайдаланылады. Мәселен, қаражаттың негізгі бөлігі (19,7 млн доллар) 127 446 мақұлданған өтінім бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. Тағы да 11,9 млн доллар 78 060 өтінім бойынша балалардың білім алуға байланысты қажеттіліктеріне жұмсалды.
Аударымдарды тексеру мен қаражатты пайдалану жолдары
Бағдарлама тетігі цифрландырылған және барынша ашық. Ата-аналар өз баласының жүйеде бар-жоғы мен жинақ қаражатын бірнеше тәсілмен тексере алады:
Мамандандырылған kids.enpf.kz сайты (баланың ЖСН бойынша) арқылы;
eGov.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы;
Halyk, Kaspi.kz және Bcc.kz мобильді қосымшалары арқылы.
Ескеретін жайт! Бала 18 жасқа толғанда жиналған сома БЖЗҚ-дағы арнайы шотқа аударылып, жинақтарды электронды цифрлы қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен тек алушының өзі ғана көре алады.
Тұрғын үйге немесе оқудың ақысына қаражат жіберу үшін қаражат иесіне уәкілетті операторлар арқылы өтінім беру жеткілікті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында әріптестік мақсатта жұмыс істейтін «Отбасы банк» пен Halyk Bank қатарына 2025 жылдың ортасынан бастап жаңа серіктес – «ЦентрКредит Банкі» қосылып, жастардың таңдау мүмкіндігі кеңейгенін айта кеткен орынды.
