Жемқорлық – ғаламдық кесел
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Ол билік пен қызметтік өкілеттілікті жеке пайда үшін пайдалану арқылы әділдікті бұзады, халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді және елдің экономикалық, саяси дамуын тежейді.

Сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, заңдардың әлсіз орындалуы, мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігі, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігінің төмендігі, халықтың құқықтық сауаттылығының аздығы, материалдық жағдайдың төмендігі мен ашкөздігін айтуға болады.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық саласына кері әсер етеді. Білім беру, медицина, құқық қорғау жүйесі сияқты маңызды салаларда әділетсіздік орнап, қарапайым азаматтардың құқықтары тапталады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік теңсіздікке, жұмыссыздықтың артуына және халықтың наразылығына әкеледі.
Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады. Арнайы заңдар қабылданып, құзырлы органдар құрылды. Мемлекеттік қызметшілердің қызметі ашық әрі жария түрде жүргізіліп, электронды үкімет жүйесі енгізілді. Бұл – адами факторды азайтып, жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолы.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа да байланысты. Әр адам заңды сыйлап, пара беруден де, алудан да бас тартуы керек. Егер әділетсіздікке куә болса, тиісті органдарға хабарлау – азаматтық борыш.
Сыбайлас жемқорлық – болашаққа балта шабатын қауіпті індет. Онымен күресу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әділдік пен адалдық үстемдік еткен елде ғана шынайы даму мен жарқын болашақ болады.
Ақмаржан КАЛЕКЕНОВА,
Ұлытау аудандық сотының бас маманы.
