Жаңарған ауыл

Қазір заман талабы – өсуді, өркендеуді, жаңаша ойлауды талап ететіні хақ.
Бүгінгі Қоскөл ауылы алға даму жолында көштен қалмай біршама ауқымды, игі шаралардың орындалуына ұйытқы болғаны сөзсіз.

2024 жылдың басынан алып қарасақ, біраз шаруалар атқарылған екен. Клуб үйі алаңына кең жолақты монолитті жаяу жүргінші жолының салынуы да көз қуантарлық. ФАП-та жаңадан салынды, өз деңгейінде халыққа қызмет көрсетуде. Спортқа байланысты жаңадан жабық футбол алаңы салынып, іске қосылды. Бұл да болса ауыл жастарының көптен күткен қажеттілігі еді. Қарап отырсақ, балалар ойын алаңының жаңадан салынып, іске қосылуы үлкен қуаныш.
Көше бағандары мен сымдары (СИП) жаңадан ауыстырылуда. Ауыл іші, көше шамдары да түгелімен іске қосылып жанып тұр, жыл сайын жаңартылып отырылады деп жоспарлануда. Ауылдың кіре-беріс қақпа жолына Арка орнатылды.
Алда ендігі кезекте ауызсу құбырының жөнделуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Осының бәрі аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандық бюджеттен қаржылай көмек беріліп жасалып жатқан жұмыс екенін айта кеткен жөн.
Бүгін ауыл әлеуметінің әлеуеті артуда. Азаматтардың өз күшімен 10 үй салынып пайдалануға берілді. Сырттан келіп қоныстанушылар да баршылық. Білім ордасы өз оқушыларымен толығуда.
Аз қамтылған отбасыларына «Қияқты Көмір» ЖШС кәсіпорны 200 тонна көмір және ауыл клуб үйіне LED экран табыс етті. Ауыл маңындағы күл-қоқыстар тазаланып, сыртқа шығарылды. Ауылымыздың 50 жылдық мерейтойы да ауыл жастарының атсалысуымен жоғары деңгейде атап өтілді. Алыс-жақыннан ағайындар демеуші болып, ат салысты. Осы дүбірлі тойға аудан тарапынан СТРИТ-ВОРКАУТ (спорт комплекс) сыйға тартылды.
Бүгінгі күні қаншама игі шаралар атқарылып, қажетті дүниелер орнын табуда. Осы орайда «ауылына қарап азаматын таны» демекші, қандай да іс-шара болсын соның басы – қасынан көретініміз – Нұрлан Әбдіғазыұлы Жүгінісов. Тиянақты, тарамыстай тартылған, табанды жігіт ағасы, ауылға әкім болып келгелі көптеген іске мұрындық бола білді. Біразын тілге тиек еттік, айтылмағаны қаншама. Әйтеуір, ауыл халқы риза. Оған алдыңғы буын, атпал ағаларының жолын бере берсін.
Ауылымыздың ақсақалы Сапар Қайратұлының игі бастамасымен «Еділбай – Қоскөл» (СПК) ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып өз жұмысын бастады. Кооператив төрайымы – Қашқынбаева Эльмира Әмірханқызы. Жас та болса іскер азаматтар Эльмира Әмірханқызы мен жолдасы Рауан Талғатұлы шаруашылықты жаңа заман талабына сай дамытып, ата кәсіпті абыроймен жалғастыруда. Осы мақсатта Қарағанды облысы, Шет ауданынан 180 бас аналық, 10 бас аталық асыл тұқымды Еділбай қойларын сатып алып, өсірумен айналысуда. Қазіргі таңда шаруашылықта 700-ден астам қой өсіріліп, қысқы азық қоры толық дайындалды. Олардың мақсаты – қыстан аман-есен шығып, көктемде сапалы төл алу болып отыр. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті Жолдауындағы ауыл шаруашылығын дамытудың ең тиімді тәсілдерін меңгеру аясында жасалып жатқан жұмыс.
Біздің ауыл теміржол торабының бойында орналасқан. Бұл да болса көптен күткен көп мәселенің шешімін тауып тұр. Қызылорда – Павлодар жолаушылар пойызынан кейін тағы да Астана – Қызылорда жолаушылар пойызы жолға шықты. Бұл да болса, ауылдың дамуына үлкен септігін тигізіп отыр. Ауыл халқының болашағы жарқын.

Жұмағали КЕНЖАЛИН,
Қоскөл ауылының тұрғыны.