Мейірбан жүректі дәрігер

Халықтың қажетін ашып, қысылғанда қолұшын беріп, үнемі алғыс алып жүретін аяулы жандар қашанда көпшіліктің құрметіне бөленеді.
Бүгінде Ұлытау ауданының ауруханасында халықтың денсаулығын сақтауда бар білімін, тәжірибесін жұмсап, қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақ желеңді абзал жандар баршылық. Солардың бірі елдің алғысын алып, абыройға бөленіп жүрген аудандық аурухананың стационарға жауапты дәрігері Сәния Аманова.

Ол бұған дейін Шымкент, Қостанай өңірлерінде дәрігер болды. Көрген – білгенін ойына түйді. Сондағы жинақтаған тәжірибесінің арқасында қаншама жанның сырқатынан айығуына қамқорлық жасап, дертіне – шипа, жанына – арашашы бола білді.
Сәния Мұханқызы Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Жалпы медицина» факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолын 2015 жылы Шымкент қалалық емханасынан бастаған. Одан кейін 2022–2023 жылдары Қостанай облысына қарасты «Қамысты» аудандық ауруханасында еңбек етті. Сол жылдың соңында Ұлытау облыстық фтизиопульмонология орталығының фтизиатр дәрігері болды. 2024 жылдан бері Ұлытау ауданының ауруханасында стационарға жауапты дәрігер қызметінде.
Сәния Мұханқызының өмірдастаны киелі Түркістан өңірінен тамыр тартады. Ол Жетісай ауданы, Атакент ауылының тумасы. 1991 жылы 29 тамызда дүниеге келген. Сәнияның өмір соқпағы да жақсы басталған. Өмірлік серігі Бағдат Егеновпен 2013 жылы бас қосады. Сөйтіп, бір үйде екі дәрігер болды. Екеуінің ортақ пікірі, бір мақсаты өздерін алға жетелеп, шуақты күндерге ұмтылдырды. Жұбайы – Бағдат Мұхтарбекұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетін бітірген. Қазір бір отбасындағы қос дәрігер ел алдында абыройлы жандар.
Сәния арын да, ақ желеңін де кірлетпеген мейірімді дәрігер ретінде танылса, отбасында ардақты ана ретінде орны бөлек. Оның жылы жүзінен алдына келген бала да, үлкен де қуат алып, дертіне жартылай ем тауып жатқанына бізде куә болғанбыз. Әсіресе, Сәнияның адамдарға бөле–жара қарамай, бірдей көретіндігі, ізеттілігі, имандылығы сырт көзге бірден байқалып тұрады.
Сырқаттың «дертіне шипа болсам» деген ниетіне біліктілігі қосылып, науқас жандарды ауруынан сауықтырып жіберетіндей көңіл-күй сыйлайтын ашық мінезі көпшілікке ұнайды. Оған науқастардың «Сәния алдына барғанда сырқатымыздан айығып кеткендей, жеңілдеп қаламыз» деген сөздері дәлел.
Шынында да, Сәния Мұханқызы жанға дәру сөзімен де, шипалы емімен де сырқат жандардың көңіліне сәулесін сеуіп жүрген ақ халатты абзал жан. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген адамгершілігі жоғары, білікті дәрігер. Ол гипократ антына да, өз арына да адал болуды бірінші орынға қояды. Оның бойында өз ісіне деген жауапкершілік, тиянақтылық берік қалыптасқан. Сонысымен ұжымы алдында сыйлы, көпшілікке құрметті.
Қашан көрсең де Сәния адами қалпын жоғалтпай, қарапайым әдетінен айнымай, үнемі жылы қабақ танытып жүргені. Әйтсе де ол мақтаншақтықтан аулақ, өзін мақтағанды көп ұната қоймайды. Десек те, оның адал ісі мен төгілген тері өз мамандығына шын берілгендігін көрсетеді.
Негізінде, дәрігердің бойында біліктілік, мейірімділік, адалдық сияқты қасиеттер болу шарт. Осындай қасиеттердің барлығы Сәния Мұханқызының бойынан табылады. Дәрігерге ең қажеттісі – төзімділік болса, оның бойынан байсалдылық пен шыдамдылықты байқайсың. Әркез сабырлық танытып, науқас жандардың бабын табуға тырысады. Ешқашан қабақ шытқанын көрген емеспіз. Сырқат жандарды әрдайым жылы шыраймен қабылдап, ем-дом жасап жүргені. Бұл оның өз мамандығына адал қарағандығынан болар.
Мұның барлығы аудан халқына медициналық қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейге көтеруге жұмыс жасап жатқандығын көрсетеді. Бүгін ол аудан медицинасын дамытуға, өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бар білімін сарқа етуде. Осы бағытта жемісті еңбек етіп, тындырымды іс атқарып жүр. Отбасында да Сәния Мұханқызы өмірлік серігі Бағдат Мұхтарбекұлы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя, жарасымды жұп.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.