Президент әлеуметтік масылдықты қатаң сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік саясаттағы шектен тыс жеңілдіктер қоғамда масылдық психологияны қалыптастырғанын айтты.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады», деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы білім беру мен медицина саласындағы «жан басына сәйкес қаржыландыру» жүйесі түбегейлі қайта қарауды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, бұрмаланған тәртіп бюджетке салмақ түсіріп, бей-берекет жағдай қалыптастырған.
«Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
